12.03.2022, 16:50
Оқылды: 39

«Жанам деген жүрекке от беремін»

Мұғалімдік жолды 1991 жылы таңдадым. Халқымыз үшін бұл атаулы жылдың менің өмірімде де ерекше орнының болғаны көңіліме қуаныш ұялатады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында оқуымды аяқтап, өмірге араласқан тынымсыз тірлігіме 30 жылға жуық уақыт болыпты.

408A1FA9-ADFA-4DE9-8CD1-D93CF5A563FC

Менің бастауыш сынып мұғалімі болуым – бала қиялда бастау алған, жасөспірім шақта нақты кесіліп-пішілген, жастықтың жырымен жалғасқан үлкен арманның жүзеге асуы. Бастауыш сынып – мен үшін өмірімнің ажырамас бір бөлігі. Биылғы оқу жылында жетінші рет сары ауыз балапандарымды қабылдадым. Алдағы төрт жылда қанаттарын қатайтып, аяқтарынан тік тұрғызып, орта буынға сара жол салу – менің міндетім.

Мұғалімнің тынымсыз ізденісінің нәтижесінде оқушының дүниетанымы кеңейеді, ой өрісі дамиды. Сананы тұрмыс билесе де, ұстаз оған бой алдырмау керек. Мұғалімнің  мәдениеті 45 минуттық сабақта немесе төрт қабырғалы, тізілген парталы бөлменің ішінде ғана қалып қоймай, өзімен бірге ілесе жүрсе, ұстаздықтың қадірі артады. Шәкірт – егіс алаңы сықылды. Ұстаздың ілімі – дән. «Не ексең, соны орасың». Шәкіртім білімсіз десең, өзіңнен көр! Шәкіртте оқуға деген ынта болмаса, ынта дәнін «себе алмаған» тағы да өзіңнен көр! Ыбырай атамыздың «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда мұғалім оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс» деген ұлағатты сөзі осыны дәлелдейді.Оқушыларыма қай кезде де өзімнің білгенім мен көрген-түйгендерімді үйретуден бір сәтте жалыққан емеспін. Алдымнан өткен 150-ге жуық баланың мектептегі анасы да, әкесі де, әжесі де, тәрбиешісі де, қала берді досы да өзім екенін әлдеқашан түсінгенмін. Алғаш әліппені үйретіп, одан әрі олардың қалай алып кеткенін, жалпы әр шәкіртімнің дұрыс жолда екендігін  көруден  асқан  қуаныш жоқ.

Оқушыларым аудандық, облыстық, халықаралық байқаулардан жүлде алып, мерейімді асырып жүр. Өткен жылы шәкіртім Ақнұр  Есмырза  Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткен «Тәуелсіз елдің таланттары» атты ІІІ халықаралық «ALASH  STAR» өнер байқауында ерекше талантымен «Көркем сөз» аталымы бойынша жүзден жүйрік атанып, жүлделі бірінші орынға ие болды.  Дәл осылай тек менің ғана емес, мектебімнің мерейін асырып жүрген шәкірттерім баршылық. Мен оларды мақтан етемін!

Айнагүл Сұлтанова,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале