4.04.2025, 16:45
Оқылды: 301

Жаңарған кітапхананың жаңа мүмкіндіктері көп

«Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы аясында Ақжайық аудандық кітапхана заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, оқырмандарға есігін айқара ашты. Осы игі істің атқарылуына «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлініп, жиһазбен жабдықтауға «Тана» қоғамдық қоры қолдау көрсетті.

IMG_9511

Жаңа жұмыс форматына көшкен рухани орданың ашылу салтанатына «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, «Тана» қоғамдық қорының төрайымы Камила Лұқпанова, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, аудан әкімі Мұрат Сердалин, облыс аудандарынан кітапхана мамандары, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.

Меймандарды облыс ақыны Мейірман Шәкенов арнаумен қарсы алып, қошеметтеді.

Алдымен сөз алған Бақытжан Хаберұлы ауыл кітапханаларын мәдени-ағартушылық және демалыс орталықтары ретінде қайта құруда осындай соны істердің игілігі халыққа арналғанын атап өтіп, кітап оқитын зиялы ұлт қалыптастыруда маңызы зор болатынына тоқталды. Бұл жоба тек біздің өңірімізде пилоттық негізде жүзеге асырылуда. Игі іске ұйытқы болған қос қордың өкілдеріне Б.Нарымбетов ел атынан ризашылығын жеткізді.

IMG_9602

Шарада ел-жұртты құттықтаған «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Алтынбекқызы қордың мұрындық болуымен өңірде атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Топан судан зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету, мәдени және рухани, әлеуметтік бастамаларды қолдауда қор әрдайым алда. Салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарымызды сақтау, білім мен ізденісті шыңдауда кітапханалар өздеріне жүктелген міндетті ақтайтынына ол шынайы сенім білдірді. «Тана» қоғамдық қорының басшысы Камила Лұқпанова жаңа кітапхананың заманауи қауымдастық орталығы болып құрылуы қай жастағы да оқырмандардың талғамынан шығатынын атап көрсетті.

Осыдан соң жиналған қауым Сағынғали Сейітовтің рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Кітапхананың лентасын Б.Нарымбетов, Л.Шыңғысбаева, К.Лұқпанова мен кітапхананың тұрақты оқырманы, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Бақтығали Қоспаев қиды.

Жаңа келбетімен жаңғырған кітапхана ішінде көпшілікті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева қарсылап, қошеметтеді. Жаңа клуб ретінде ашылған кітапхананың жұмысы да ерекше форматта жүйеленген. Мұнда дыбыс жазу студиясында кез келген жанға подкаст жазып, жарнама жасау, радио желілеріне интервью жазуға мүмкіндік жасалған. Осыдан кейін таныстырылған медиатека алаңдарында ғаламтор желісі арқылы электронды түрде оқырмандардың сұраныстарын орындап, аудиокітап тыңдау, компьютерлік сауаттылықты меңгеруге толық жағдай жасалыпты. Кітап оқу алаңының да оқырмандарға берері көп: осында кітап марафондары, шығармаларды талқылау, оқу челлендждері мен интерактивті шаралар өткізіледі. Яғни бұл алаңды кітапсүйер қауымның бас қосатын жері деп атауға толық негіз бар. Оған жалғас тұрған еркін шығармашылық алаңында оқырман түрлі көркемдік және креативті жұмыстармен айналысып, ескі кітапқа жаңа өмір сыйлап, кітапхана ісіне өз үлесін қоса алады.

Балаларға базарлығы да мол жаңа кітапхананың. Айталық, ұл-қызға арналған бөлімде олар шығармашылық қабілеттерін шыңдап, жаңа білім алып, сонымен қатар ойын ойнап, жетіледі. Атап айтсақ, осы кеңістікте интеллектуалдық және дамытушы ойындар, үстел теннисі, логикалық тапсырмалар мен интерактивті аймақтар орын тепкен. Кітапхананың төл «Ана мен бала» жобасы да осы жерде көрініс тауыпты – арнайы алаңда баласын рухани ордаға ерте келген аналар ертегі оқып, пайдалы дәрістерге қатыса алады.

Кітапхана мен оқырманның рухани байланысын нығайтуда маңызды қадам – сандық форматтағы «Руханият кеңістігі» көрмесі. Мұнда оқырман кітапхана есімін иеленген ақын Сағынғали Сейітов туралы деректерге қанығып, руханият ордасының өткені мен жетістіктеріне шолу жасай алады. Ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған арнайы аймақ та қарастырылған.

Кітапхананың нағыз демалыс орталығына айналғаны соншалық, мұнда енді домбыра тартуды үйреніп, караокеде ән шырқап, синтезаторда әуен ойнауға болады. Мұның бәрін шығармашыл оқырман демалыс аймағынан табады.

IMG_9632 (1)

«Жаңа идеялар мен технологиялар» алаңында ІТ дағдыларын меңгеріп, ғылыми-танымдық зерттеумен айналысып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасалса, «Парасат» кеңістігінде оқырман еркін отырып, кітап әлеміне бойлай алады. Бұл жерде шағын форматта түрлі шараларды өткізіп, отбасымен бірге кино қарап, дебат өткізуге болады. Сонымен қатар кітапхана мамандары меймандарды «Дәм&Дем» кофе зонасымен, презентация залымен таныстырды.

Аудандық кітапхананың модернизациядан кейінгі ашылуына орай өткен басқосу рухани орданың өткенімізді ұмытпау, бүгінімізді бекемдеу, келешегімізді қалыптастыру тұрғысында мәні зор екенін тағы бір айғақтады. Осында  аудан қонақтары, тұрақты оқырмандар, кітапханамен тығыз байланыс орнатқан мекеме өкілдері сала мамандарын құттықтап, сый-тартуларын табыс етті. «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің атынан Әсел Ерментаева кітапқа құштар ұрпақты тәрбиелеуде кітапхананың рөлі жөнінде сөз саптаса, Ақжайық аграрлық техникалық колледждің директоры Жарас Сағындықов рухани ордамен байланыс студенттердің білім көкжиегін кеңейтуге, ізденімпаздығын арттыруда үлкен жетістіктерге жетелегенін атап, кітапханашыларға ризашылығын арнады.

Осы шараның тізгінін қолына ұстаған Мейірман Шәкенов Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына орай кітапханада көзделген шаралар, ақынның туған жеріндегі ізбасарларының шығармашылығын насихаттау туралы да ой бөлісті.

Ал осы қуанышты шараға арнайы келген «InDrive» халықаралық сервисінің негізін қалаушы Арсен Томский кітапханаға өзінің кітабын қолтаңбасымен сыйлады.

Шараны қорытындылаған аудан әкімі Мұрат Сердалин ел атынан қоғамдық қордың өкілдеріне сыйлық табыстады.

– Бүгін кітапханамызда жаңа технологиялар, электронды ресурстар, оқу залдары мен шығармашылық кеңістіктер пайда болды. Демек, осыған дейін де білім мен ізденіске даңғыл жолды нұсқаған кітапхананың жұмысы заманауи тұрғыда жаңа сипат алды деген сөз. Бұл өз кезегінде ұл-қыз бен жастарымыздың білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және жаңа идеялармен бөлісуіне мүмкіндік береді. Кітапханамыздың жаңа кезеңі басталды, ізденімпаз ұрпақ көбейсін, тың бастамалар өріс алсын! Іске сәт! – деді аудан басшысы.

Басқосудың соңында көпшілік «Ақжайық әсем әнімсің» әнін әншілермен бірге қосылып шырқады.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале