Наурыз — ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдардан бері мерекелеп келе жатқан жыл басы мерекесі. Ұлыстың ұлы күні Наурызда ел тілегі қабыл болып, тіршіліктің тамыры қалыпты соғысын жандандыра бастайды.
Бүгін Казталов ауданы Жалпақтал модельді және балалар кітапханасы мен Жаңажол, Қараөзен кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен еліміз бойынша жоспарланған «Наурызнама» онкүндігіне байланысты іс-шара жоспары негізінде «Жаңару күні» мерекесіне арнап шара өткізілді.
Онда осы шараға тұспа тұс келген Жетіру ішіндегі «Төлек тама» руының арнайы Көрісу күні болғасын мерекелік шараға Төлек тама руының аға буын ұрпағы Мендеш ата мен Аққаным әжей және ауыл тұрғыны Миржан Маратұлы арнайы шақырылып, құрмет көрсетілді.
Одан кейін Наурызнама тұғырнамасының аясында ат үстінде Батырлар жыры оқылып, жорыққа шыққан сарбаздарға ел атынан Бата беру рәсімі көрініс тапты. Онда елдің болашағы мен тыныштығы үшін жанын қиған батырларды ұмытпай жырға қосқан жыршы-жыраулар бұл үрдісті бүгінге дейін ұрпақтан ұрпаққа жеткізгені айтылды. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» жырлары осы сөзіміздің дәлелі.
Бата беру үрдісі –адал ниет пен жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Халық ақ батадан рухани қуат алады. Осы тұрғыда ат үстіндегі батыр балалар мен тұрғын халыққа кітапхана күзетшілері Нұрлыбай Темешов пен Мақсат Каримов бата берсе, кітапханашы қыздар шараға келген қонақтар арасында «Бір бауырсақ, бір мақал» ойынын ойнатып, өздері әзірлеген Наурыз дастарханынан дәм татқызды.
Шарадан шараға ұласқан Наурыз мейрамы әлі де жалғасады.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz