Теректі ауданы Подстепный жалпы орта білім беретін мектебінің физика пәні мұғалімі Берік Ғабдығалиев - шәкірттеріне сапалы білім беру жолында шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген ізденімпаз, жаңашыл ұстаз.
«Оқу үдерісінде қалыптастырушы және жиынтық бағалау түрлерін қолданудың білім сапасын арттыруға ықпалы» әдістемелік тақырыбында жұмыс жасайтын ол сындарлы оқыту теориясын негізге алып оқушылардың түсініктерін өрістету, логикалық қабілеттерінің дамуына ықпал ету жолында жұмыстанады.
Шәкірттерін өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырған ұстаздың педагогикалық ізденістерінің нәтижесінде оқушыларының білім деңгейі, іскерліктері, дағдылары нақты қалыптасқан. Мұғалім еңбегінің жемісін шәкірттерінің аудандық, облыстық білім додаларының қорытындыларынан байқауға болады. Мәселен, 2018 жылы шәкірті Жексен Әлішер екі рет жүлдегер атанды. Облыстық «Импульс – 2018» жас зерттеушілер мен өнертапқыштар интеллектуалды турнирінде ІІ орынды иеленген ол NIO – Ұлттық Интернет Олимпиадасында физика пәні бойынша да сол деңгейден көрінді. Жыл аяғына қарай, желтоқсанда тап осы білім сайысына қатысқан Әлішер мен сыныптасы Мәдина Сайлау осы жолы жеңімпаз атанып, І орын алды.
Жалпы, Берік Сабырғалиұлының шәкірттерінің қай-қайсы да осал емес. Былтыр Ділназ Абдулханова, Руслан Кимбатбек, Камила Серікова, Айым Өтегенова XVI облыстық «Апельсин – 2021» физика-техникалық турнирінің жеңімпазы атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Осы турнирде олар «Үздік физик-экспериментші команда» турының жеңімпазы атанып, І дәрежелі диплом иеленді. К.Серікова, Р.Кимбатбек, А.Өтегеноваға «Үздік физик-эрудит» турының ІІІ дәрежелі дипломы бұйырды. Д.Абдулханова белсенді қатысқаны үшін марапат алды.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында 2021 жылы өткен республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде физика пәнінен оқушысы Руслан Кимбатбек ІІІ орын алды.
Жан-жақты ұстаз балаларға тек нақты физика ғылымын оқытып қоймай, фотосурет өнеріне деп баулып жүр. 2021 жылы шәкірті Тамерлан Балтабай «Ұлы Жеңіс жаңғырығы» аудандық байқауында «Фотосурет» номинациясының жеңімпазы атанып, бас жүлде алды. Ал Дидар Теңізбаев осы аталымда ІІ орын иеленді.
Осындай жүлделі шәкірт тәрбиелеу үшін ұстаздың өзі үлгі болуы керек емес пе? Берік Сабырғалиұлы тап сондай, жетістігі мен жүлдесін айтсақ, шәкірттерінен асып түседі. 25 жылдық педагогикалық өтілі бар мұғалімнің ширек ғасыр ішіндегі марапат-мадақтауларын, жүлде-жетістіктерін тізіп шығу мүмкін емес. Соңғы бес жылды ғана алсақ, 2018 жылы ол Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының Құрмет грамотасын алған екен. 2020 жылы «Қазақстан Республикасы Конституциясына - 25 жыл» төсбелгісімен және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталыпты.
Өзінің жаңа ізденістерін іс жүзінде, сабақтарында қолданып жүрген Б.Ғабдығалиев әріптестерімен тәжірибе бөлісуге қашан да дайын. Мысалы,2019 жылы облыстық физика пәнінің мұғалімдеріне арналған «Жаңаша оқытуға – жаңаша көзқарас» флеш-семинарында
«Тізбек бөлігі үшін Ом заңы. Практикалық жұмыс» тақырыбында 8-сыныпта ашық сабақ өткізіп, жаңартылған білім беру мазмұны жағдайындағы тәжірибесін таратты. Облыстық үш тілде сабақ беретін мұғалімдерге арналған семинар-практикумде «Looking at motion: speed, distance travelled, time and acceleration. Қозғалысқа қарап: скаляр жылдамдық, жүрілген жол, уақыт және үдеу» тақырыбында 9-сыныпта ашық сабақ өткізді. Бұдан да басқа аудандық деңгейде өткізіп жүрген шараларынан физика пәні мұғалімдері мол мағлұмат алып жүргені тағы бар.
Қай жағынан алсаң да, педагог ретінде де, адам ретінде де әріптестері, ата-аналар, оқушылары арасында беделге ие Берік Сабырғалиұлы өз елін дамытуға үлес қосатын білімді, білікті, тәрбиелі шәкірт – жеке тұлға қалыптастыру үрдісі үстінде.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz