19.07.2021, 11:31
Оқылды: 77

Жаңашыл жазғы лагерь

Жазғы демалыс басталысымен бала біткен жан-жаққа лагерлерге, демалыс орындарына баруға асығады. Сырым ауданының балалары үшін де Бұлан ауылдық округінде орналасқан «Достық» лагеріне бару жылдағы дәстүрге айналғалы қашан. Биыл елдегі эпидемиялық ахуалға байланысты лагерь шектеу шараларымен жұмыс жасауға мәжбүр. Бірақ соған қарамастан әр кезеңге жазылғаны өз алдына, 5 күнде жаңа достар тапқан балақайлардың үйлеріне кеткісі жоқ.

ЖАҢАШЫЛ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ (11)

Пандемия кезіндегі демалыс

        Маусым айының басында «Достықтың» ашылуына аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов қатысып, жас демалушылардың ахуалымен танысып қайтқан болатын.
Ал, пандемия кезіндегі оқушылардың жазғы демалыстары жайында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлдана Шайхиевамен бір ауыз пікірлесіп көрдік.
- Лагерь 8 кезеңге жоспарланған болатын. Соның 7-еуінде аудан орталығындағы, ауылдық округтердегі мектеп оқушылары болса, соңғы кезеңге «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» 20 оқушысы мен жетекшілері демалады.
Одан бөлек, маусым айында 21 мектепішілік лагерлерге 1000-нан астам оқушы қатысса, аудан орталығы Жымпитыда «Балалар мен жаөспірімдер шығармашылық орталығында» 90 оқушыны қамтыған көңілді аула клубы ұйымдастырылғанын да айта кету керек.
Қазіргі таңда аудандық білім беру бөлімінің демеушілігімен Орал қаласындағы «Евразия» лагеріне толыққанды емес отбасыларының және қамқорлықтағы 6 оқушы демалуға жолдама алды.
Балалардың алаңсыз, көңілді  демалулары үшін ауданымыздағы жас туристер станциясының, балалар саз мектебінің, шығармашылық орталықтың қосымша білім беру педагогтары жұмылдырылды,- дейді Гүлдана Науанқызы.

ЖАҢАШЫЛ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ (12)

«Достық» күнделігі

        Биылғы лагерлердің бір ерекшелігі, аудандық білім беру бөлімінің facebook желісінде #достықкүнделігі хэштегімен лагерь тынысы жарияланып отырады.
Посттарды көріп отырған бала түгілі, өзің қызығып кетесің.
«Қызығып қана қоймайық» деп көңілді демалысты көруге біз де Бұланға арнайылап бардық.
Алдымыздан асханадан гуілдеп, жарыса жүгірген, маска таққан бір топ ұл-қыз шықты. Шыға сала ұлдар бір бірімен ойнап, алысып, қыздар ақырын күліп, шүйіркелесіп ойын алаңына қарай бет алды.
Жоспар бойынша ойын алаңында шағын сұрақ-жауап, пікірталас алаңына айналып жатыр екен.
Балаларыңды алаңдатпайық деп лагерь меңгерушісі Мейірбек Жампозовпен жазғы демалыстың жай-жапсары жайында шүйіркелесіп, лагерь тынысымен таныстық.

-Биылғы лагерь жылдағыдан өзгеше болып тұр. Эпидемиялық ахуалға қарамастан, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, балалардың жазғы демалысын жақсы өткізуге барымызды салып жатырмыз.
Шараларымызды да барынша қызықты, көңілді өткізуге қосымша білім беру педагогтары жаңашылдықпен жұмыс жасауда. Әр кезеңде әртүрлі сайыстар, танымдық шаралар ұйымдастырудамыз. Атап айтар болсақ, демалушыларды таңмен ұйқыашарлық таңғы жаттығулар мен сергітіп аламыз. Кейіннен топқа бөлінген жас достарымызды «Білімді де білікті», «IQ DODA» зияткерлік сайыстарында білімге құштарлықты арттырып, зияткерлік қабілетін дамытуды мақсат етіп, «Туристік кедерігілер жолағы» сайысында туристік дағды қалыптастырып, икемділік пен ширақтықты шыңдауды көздедік.

ЖАҢАШЫЛ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ (4)

«Монотопия» сайысында оқушылар сурет салу техникасының түрлерімен танысып, тек бояу емес, жіптер мен де сурет салуды меңгерсе, «Лагерь аруы» байқауында қазақ қыздарының ертеден келе жатырған тәрбиесінің ерекшелігі, тәлімі бар шара болғандығын айта кетейін. Алдағы кезеңде «Лагерь сұлтанын» анықтауды да жоспарлап қойдық.

Одан бөлек, көптеген сайыстар өткіземіз. Ал енді, «жаңашылдықпен жұмыс жасап жатырмыз» дегеніміз, ХХІ ғасыр техниканың қарыштап дамыған, өнертапқыштардың заманы десек артық айтқандық емес.
Бұл бағытта ауданымыздағы техникалық-шығармашылық үйірмелердің жетекшісі Нұрбол Жәңгірханов оқушыларға техника әлеміне саяхат жасатып, робототехниканың қыр-сырын үйретсе, «картинг» көлігі де ұлдарды еліктірмей қоймады.
Айта берсек, қызықты сәттер өте көп. Біздің мақсатымыз, аудандағы, округтердегі оқушылардың таным көкжиегін арттырып, ұлттық құндылықтарымызды қадірлеуді үйретіп, оларға болашақ мамандығын таңдауда септігіміз тисе, қуанамыз. Қазір «бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» екенін ескерсек, болашағымыз балалардың саналы да салиқалы ұрпақ болып өсуінде біздің атқарар рөліміз зор болмақ,-деп сөзін қорытындылады Мейірбек Тайманұлы.

 

Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

Бала тілегі

 Бекарыс Боранбайұлы,
Көгеріс негізгі мектебінің 2-сынып оқушысы:

-Менің жазғы демалысымның бір аптасының ең қызықты болып өткеніне себепкер - мектепішілік жазғы лагерь. Бұл лагерь маған қасымдағы достарым мен  ұйымшыл болып, жауапкершілік сезінуді үйретті. Әр күн сайын қызықты ойындар мен шаралар ұйымдастырылып тұрды. Тіпті, біздің лагерь болған бөлменің безендірілуі де адамды қызықтыратындай  ерекше, әдемі болды. Ауылдас болсақ та жіті танымайтын балалармен тез тіл табысып кеттім. Тәлімгерлеріміз кітап оқудың пайдасына дейін түсіндіріп, кітап оқуға құштарлығымыз оянды.

Осы аз ғана бір апта ішінде көп қызықтар болды. Оларды ұмытпай еске алып отырамын және келесі жылғы лагерді асыға күтемін.

Лагерьді ұйымдастырған тәлімгерлерге рақмет!

 

Ұлдана Мәдиқызы,

Көгеріс негізгі мектебінің 4-сынып оқушысы:

-Бұлан ауылындағы «Достық» жазғы демалыс лагерінде уақытым өте керемет өтті. Лагерьде спорттық ойындар болды. Ауылда көп қатыспайтын едім, енді ынталана қатысатын боламын.

Мен «Лагерь аруына» қатысып, ІІ орын алдым. Маған ұнады! Менің орын алғанымның өзі - өте керемет жеңіс.
Тәлімгерлеріме айтарым, Сіздер маған барлығын үйреттіңіздер!

Менің осы лагерьде үйренгенім ол шынайылық - адамның қолындағы сыйлықтың мөлшері, болмаса көлемі емес, ең бастысы адамның ниетінде екен.

Осы жазды жыл бойына ұмытпаймын!

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале