«Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің кешегі аптадағы санында «Медпунктті мекендеген жанұя» атты мақала жарық көрді. Мақалада Көгеріс ауылындағы медициналық пункттің бір бөлмесінде тұрып жатқан үш бала мен олардың анасының қиын тұрмысы баяндалады.
Аудандық газет оқырмандарын сол жанұяға баспана сатып алуға үндеп, «Газеттен жасалған үй» атты жоба жариялаған болатын. Жоба газеттің мақалаларын әлеуметтік желі мен сайттардан оқитын оқырмандардың қызу қолдауына ие болды.
Мәселен, бүгінде Павлодар қаласында тұратын жымпитылық азамат, кәсіпкер, «BI-petroleum» ЖШС директоры Эдуард Исмағұлов қайырымдылықтың үлгісін алғашқылардың бірі болып көрсетіп, есепшотқа 50 000 теңге аударды. Осы сияқты, жанашыр адамдар мүмкіндігіне қарай көмек көрсетуде. Бастысы, аудандық газеттің бір отбасыға үй алып беру туралы бастамасы іске аспақ.
Мақала жарық көргеннен кейін келесі күні аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы оқушылардың есеп беру концерттерінің билеттерін сатудан түскен 25 000 теңге қаражатты редакцияға қолма-қол әкеліп тапсырды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер