22.10.2021, 14:37
Оқылды: 77

Жаңажол ауылында қолөнер көрмесі өтті

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «қайырымдылық» айлығы аясында 14-қазан күні Жаңажол ауылдық округінде он алты  жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар арасында  «Тәуелсіздік тірегім», «Күз сыйлығы» атты қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.

7

Көрмеге Жаңақазан, Мәстексай, Жаңажол ауылдық округінің балалары қатысты. Мерекелік шараны Жаңажол ауылдық округінің әкімі А.Ишанов пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Е.Сапаров ашып, құттықтады.

Көрмеде  балалар өз қолдарымен және әлеуметтік қызметкерлер мен ұстаздарының көмегімен  жасаған туындыларымен таныстырды. Мәстексай ауылдық округінен Г.Жұматай арнайы осы көрмеге күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген макарон өнімдерін түрлі түске бояп, одан жеміс ағаштары мен гүлдің бейнесін жасаса, жаңақазандық А.Жұмагелдіқызы көкөністерді пайдалана отырып,  кіріпінің және тағы да басқа жан-жануарларды бейнелегені ойының ұшқырлылығын көрсетті.  Жаңажолдық бүлдіршіндеріміз де түрлі-түсті фетр маталардың көмегімен киіз үй, тұмар, қымыз құятын құтыны аса бір шеберлікпен жасап шығарған.

Бұл шарада Жаңажол ауылдық округ әкімшілігі мамандары, мәдени қызметкерлер, кітапхана ұжымы, әлеуметтік қызметкерлердің қатысуымен қойылған мәнді, әуенді ертегінің де куәсі болдық. Жалпы, бұл шараны өткізудегі мақсат – балаларымыздың ойлау, шығармашылық қабілетін дамытып, өзіне сенімділігін арттыру.

Қазақта «Бұлақ көрсең көзін аш» деген жақсы мақал бар. Осындай өнерлі болып, өсіп келе  жатқан бүлдіршіндеріміздің өнерін әрі қарай жетілдіруіне сіз бен біз болып атсалыссақ, нұр үстіне  нұр боларына сенімдімін.

Нұржауған Тілеуқызы,

аудандық жұмыспен қамту және

әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің

әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале