Таяуда Жаңақала ауданына қарасты Жаңажол ауылдық округінде жаңа мәдениет үйі халық игілігіне пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарына тамаша тарту болған мәдениет үйінің ашылу салтанатына аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин арнайы қатысып, барша ауыл тұрғындарын айтулы қуанышымен құттықтады.
Аудан әкімі ел игілігіне берілген жаңа нысанның алдағы уақытта ауыл халқының рухани сұранысын қанағаттандырып, ұлттық өнерімізді ұлықтап, рухани өмірін өркендетуге септігі тиетін мәдениет ошағы болатындығына сенім білдірді.
Мәдениет саласының ардагері, ауыл ақсақалы Меңдібек Зинеуов, мердігер «Аяла» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Алтынбек Мергенов құттықтауларын арнады.
Сондай-ақ Алтынбек Сағатұлына ауыл тұрғындары атынан алғыс хат пен сый-сияпат табыс етілді.
Мердігер Алтынбек Сағатұлы Жаңажол ауылдық округінің әкімі Аслан Уразалиевке ғимараттың кілтін табыстады.
Одан соң мәдениет саласының ардагері Роза Нәжмеденқызы, аудан басшысы Наурызбай Қадырбайұлы, мәдениет қайраткері Айтқали Әбжанов салтанатты түрде лента қию рәсімін жасады.
Ақ жаулықты аналар шашу шашып, келген қонақтар ғимарат ішін аралады.
Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Заманауи талаптарға сай бой көтерген ғимаратта 150 орындық көрермен залы, кітапхана, үйірме залы, тағы басқа ауыл тұрғындарының мәдени демалысына қажетті мүмкіндіктер қарастырылған.
Сонымен қатар ауылдық кітапхана «Жаңажол ауылдық модельді кітапханасы» статусын иеленді.
Жалпы құны 211 миллион 788 мың теңге болатын ғимаратты «Аяла» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған.
Ақсәуле Сексенбайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz