Жаңақала ауданының Жаңажол ауылына арнайы ат басын бұрдық. Сайлау өтіп жатқан мектеп табалдырығында медицина қызметкері әр сайлаушының дене қызуын өлшеп, бетперде тағуын қадағалап тұр.
№117 Жаңажол сайлау учаскесінде 465 сайлаушы кешкі сағат 20:00-ге дейін таңдауларын жасай алады. 10 бақылаушы тіркеліп, оның 4-уі сайлау барысын қадағалап отыр.
Жаңажолдықтардың сайлауға келіп, өз таңдауларын жасауда белсенділік танытып жатқандары байқалады. Таң атқаннан сайлау учаскесіне келгендердің қарасы мол.
- Ауыл әкімдерін енді халықтың өзі сайлайды дегенді естіп, бұл шешімге қуандым. Әр ауылдың әкімін тұрғындардың өзі таңдағанға не жетсін. Жаңа сайланатын әкім іскер, жаңашыл, тың идеяларға бастайтын жан болса деймін. Ауылдың болашағына бей-жай қарамай сайлауға келдім. Бұл науқанның сәтті өтеріне, өзгеріс болатынына үміт етеміз, - дейді жаңажолдық Думан Әубекеров
Жанайдар Жұмағұлов,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер