Оқиға маусым айының 18 күні таңғы төрттен кете болған деседі. Нақтырақ айтқанда, таңғы төрт жарымда №9 өрт сөндіру қызметінің пультіне өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.
Бұндай хабарлама осы бөлімнің аға дознавателі болып қызмет атқаратын Жанболат Жасталаповқа да келіп түседі. Ол өрт сөндіру қызметімен бір уақытта оқиға орнына жетеді. Ол орын Ақсай қаласының 4-інші шағынауданындағы №6 үй.
Соның төртінші қабатынан өрт шыққан. Олар келгенде қою түтіннің иісін сезген бе, әлде шудан оянғандар ма, сыртта жүргендер көп екен. Сондай-ақ таң алды болғасын алаңсыз ұйықтап жатқандар да бар болып шықты. Өрт сөндірушілер бірден іске кіріседі.
Барлық есіктерді қағып, адамдарды оятып, сыртқа шығарады. Сөйтіп, отты сөндіре бастайды. Өрт шыққан пәтердегі адам ауруханаға жеткізіліп, қаза болғаны анықталады. Бірақ сырттағылардың айтуынша, іште әлі адамдар бар. Сол кезде Жанболат футболкасын сулап алып, бет-ауызын орайды да тағы ішке кіреді. Шыға алмай қалғандарды іздей бастайды.
– Түтін басында жоғарыда жиналатын болғандықтан еңбектеп жүруге тура келді. Екі пәтерде де адамдар бар болып шықты. Әсіресе қолында жас баласы бар әйел адам үшін қорыққанымыз рас. Оларды балконға шығарып, сосын жедел саты шақыруға тура келді» – бұл Жанболаттың әңгімесінен үзінді.
Мамандардың айтуынша, өрт қосулы газ плитасының қараусыз қалғанынан болған. «Қою түтін арасына қойып кеткенде бірінші не ойладың?» - деген сұраққа «ештеңе де ойлаған жоқпын. Алдымда көк түтін подьезд, жоғары қабатта шыға алмай қалған, жедел көмекке зәру адамдар бары ғана есімде», - дейді ол.
Өрт сөндіріліп, адамдар қалыпты өмірге қайта оралды. Әйтсе де басын қатерге тігіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалған Жанболаттың ерлігі аңыздай айтылып, тарап жатыр.
Жанболат Маратұлы 30-ға толмаған жас жігіт. Қауіп-қатерге толы осы жұмысты жан-жүрегімен қалап алған. Ол Ресей мемлекетінің Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік өрттен қорғау қызметінің Урал институтын бітірген. Оқып жүрген кезін қоса есептегенде еңбек өтілі осы салада тоғыз жыл болады екен.
Былтырдан бері Ақсайда жұмыс жасайтын ол қарапайым отбасында тәрбиеленген.
«Біреулер үшін бұл жағдай өмірінде үлкен із қалдырған оқиға болуы мүмкін. Мен үшін өмірде көп кездесетін жәйттер. Өз басымда бірнеше рет болды. Қай жерде болмасын мен адамдарға көмекке ұмтыламын. Алғашқы көмек көрсетуге тырысамын. Ең түсінбейтінім, адамдар көмек қолын созуға онша құмар емес. Бірақ, телефонға түсіріп үлгеріп жатады, әйтеуір», - дейді ол.
Өкінішке орай, осылай деген Жанболаттың сөздерімен үнсіз келістік. Бастысы, ел қорғаны болар ерлер барына қуандық. Ендеше, бүгінгі күннің батырымен сіз де таныс болыңыз.
Дариға Нұрашова
Бөрлі ауданы