Біздің мақтанышымыз, спортшы Жанерке Тудахунова әлем кубогінің бірінші кезеңінде бағын сынады. Бұл жарыс Финляндия мемлекетінің Иматра қаласында өткен еді. Бұл жарысқа еліміздің спортшыларынан бөлек, Корея, Латвия, Швейцария, Финляндия, Украина, Армения елдерінің үздік спортшылары қатысқан. Шаңғы спортынан ұлттық құрама сапында өнер көрсететін Жанерке 5 шақырым қашықта төртінші болып келді. Жанеркенің жаттықтырушысы Ислам Сағиналиевтың айтуынша үшінші орын алған спортшы мен біздің Жанеркенің уақытында секундтың үлесі 0,5 қана айырмашылығы бар екен.
- Әрине, өкініш болды. Ол жақтың ауа-райы, трассасы барлығы біз үшін таңсық болды. Дегенмен Жанеркенің осындай үлкен жарыстағы көрсетіп жатқан алғашқы нәтижесі жаман емес деп ойлаймын. Тоқтамаймыз, әрі қарай жұмыстанамыз. Алда жасөспірімдер арасында ел чемпионаты бар соған дайындаламыз, - деді Ислам Елемесұлы.
Бұл әлемдік жарыста Жанерке өзінің көп жыл жинақтаған тәжірибесін, дене дайындығын көрсетті. Дегенмен жарыс жолында жасы үлкен спортшылардың шығуы, Жанеркенің қандайда болса медаль алмауына сеп болған.
- Жанеркемен жаңа сөйлестім. Көңіл-күйі жақсы. Әрине «бірінші орын аламын» деп кетіп еді. Дайындықтары да жақсы болды. Мейрам күндері сенбі, жексенбі дегенді ұмытып, үнемі дайындықта болды. Жарыс өткен Финляндия мемлекеті керемет әсер сыйлаған. Ұйымдастырылу жоғары деңгейде болған. Өзінің айтуынша, жарыс жолындағы ең кіші спортшы Жанерке болған. Өзінен 2-3 жасқа үлкен спортшылармен алғашқы күні жарыс жолына шықты. Содан іріктелгендер арасында 6 топқа бөліп, мәреге алғашқы келгендер ғана келесі турға өтті. Екінші күні классикалық әдісте өзінің жасында шығып осындай нәтижеге қол жеткізді. Жаттықтырушысы Ислам Елемесұлына зор алғысымды білдіремін. Оған қоса аудандық шаңғы федерациясының президенті Әлібек Сарсембаевқа алғысымды айтамын, - дейді Жанеркенің анасы Әсемгүл Махаметова.
Спортшының әлемдік жарыстарда өнер көрсетуіне жергілікті спорт бөлімнің және осы аудандық шаңғы федерациясының президенті Әлібек Әнуарбекұлының қамқорлығы көп. Өйткені, аталған федерация аудан орталығында арнайы шаңғы жолағын салудан өзге, жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына, әсіресе таулы аймақтарда жаттығуына мол мүмкіндік туғазып, демеушілік жасауда. Айталық, жуырда жас шаңғышылар Ресей Федерациясының Челябинск облысы Златоуст қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп келді. Жаттығу жиынында оқушылардың алдына жалпы дене шынықтыру және арнайы дайындық деңгейін арттыру, төзімділік, шаңғы техникасын жетілдіру міндеттері қойылған.
Осындай оқу-жаттығу жиындардың өтуі споршылардың әлемдің жарыстарда жақсы нәтиже көрсетуіне сеп болады.
Жанерке туралы тағы бір деректі еске салсақ, биыл ақпан айында Қостанай қаласында ел чемпионаты өтіп, жүлделерін сарапқа салған еді. Жарысқа Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан келген 312 спортшы қатысты.
Осы жарыста үш шақырымдық, классика әдісінде және 1200 метр спринт қашықтықта Жанерке алдына жан салмай, абсалютты чемпион атанған еді.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz