14.03.2022, 17:30
Оқылды: 50

Жанға жылу сыйлаған шуақты мереке

Бүгін Қаратөбе ауданы орталығындағы алаңда ақ шаңқан киіз үй тұрғызылып, алаңдағы сахнада Көрісу күніне арналған «Бір жасыңмен...» атты концерттік бағдарлама және театрландырылған көрініс тамашаланды.

 IMG-20220314-WA0112

Концерттік бағдарлама аясындағы театрландырылған көріністе шәкірттерін бірге ертіп елге келген Сал Мұхиттың ән шырқап, ауыл ақсақалдарынан бата алды.  Шәкірттерімен бірге ән салып, жұрттың көңілін бір көтеріп тастаған Сал Мұхиттың иығына шапан жабылғаны сахналанды.

IMG-20220314-WA0111

Жасы кішілер үлкендерге қол беріп көрісіп, аман-саулық сұрасып жатты.

Алаңда «Керім-ай» би тобының бишілері «Қызғалдақтар» биін орындады. Ортаға Ұмай ана шығып, елге деген тілегін жеткізді. Әжелер ортаны айнала мерекелік шашу шашты.

Сахнада «Арын» тобының орындауындағы «Көрісу айты Батыстың», «Қазақы дәстүрлері», Нұршат Ислямғалиев орындаған  халық әні «Ой көк», Рысгүл Жұмағалиеваның орындауындағы Ә.Бейсеуовтың «Шақырады көктем», «Керім-ай» халықтық би ансамблінің «Моншақтар» биі, Аяжан Исмағұлова мен Жарқын Байтеміров орындаған «Наурызым мерекем» және «Ауыл әуендері» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен орындалған  бірнеше әндер алаңға жиналған қаратөбеліктерге мерекелік көңіл сыйлады.

Алысты жақындататын, өкпені кешіретін, татулықты арттыратын айырықша мерекеде аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын көрісу күнімен құттықтады.

IMG-20220314-WA0114

– Көрісу күні – бірлікті нығайтатын көктемнің шуақты мерекесі. Наурыз мерекесіне ұласатын халқымыздың айырықша маңызға ие мейрамы көрісу күні баршаңызға сәттілік әкелсін. Мереке құтты болсын, - деді  аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы.

IMG-20220314-WA0110

Алаңдағы мерекелік шараға Орынғали Ермекқалиев, Сайлау Фазылов, Аманжан Әнесов, Бейбіт Сағынғалиев, Халық Наурызалин, Мақсот Ермеғали және тағы да басқа көптеген ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер қатысты. Шараға шақырылған ардагерлер киіз үйдің ішінде жайылған мерекелік дастарқаннан дәм татты.

IMG-20220314-WA0113

Ауыл балалары алты бақан теуіп, мәре-сәре. Мерекелік шара ұлттық спорт ойындарымен жалғасты. Гір тасын көтеруден жарыс оздырылды. Ауылдың мықты жігіттері күш сынасқан жарыста гір тасын 70 рет көтеріп, озық шыққан Мұрадым Мұханбетжан жеңімпаз атанып, 15 мың теңге ақшалай сыйлықты иеленді.

IMG-20220314-WA0108

Командалар арасында арқан тартыс ойыны да ұйымдастырылды. Қызу тартыста аудандық мәдениет үйінің командасының жігіттері күштіліктерін танытып, жеңіске жетті. Жеңімпаз команда 15 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.

IMG-20220314-WA0116

Аударыспақ бойынша ат үстіндегі ауыл жігіттері өздерінің ептіліктері мен мықтылықтарын  көрсете білді.  Күш атасын танытқан балуан Қайырбек Сағындықов жеңіске жетіп, 15 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале