29.12.2020, 9:51
Оқылды: 17

Жанға жылу сыйлаған жақсы істер

         Еліміздегі пандемиялық жағдайға байланысты жаңа жыл мерекесін көпшілік болып өткізуге тиым салынды. Десе де дарияндық кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы билік өкілдері  «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», ауылдағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен көпбалалы отбасында тәрбие алып отырған бүлдіршіндерге жаңа жылдық көңіл күй сыйлады.

дар 1

         Облыс көлемінде ұйымдастырылған «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» акциясы аясында ұйымдастырылған шара барысында 79 оқушыға мерекелік сыйлық таратылды.

Ауылдық округ әкімі Тілек Кәкенов пен жетекші маман Гүлмира Ерғалиева әр балаға берілер сыйлықты үйлеріне дейін апарып, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Жаңа жылдық сыйлықтар мен тәттілерді алып, үлкен қуанышқа бөленген балалар мен олардың ата-аналары жергілікті әкімшілік қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.

дар 2

- Бүгінгідей қарбалас шақта өз шаруаларын дөңгелентіп, балаларды қуантуға уақыт тапқан «Авангард», «Сезам» дүкендерінің қожайындарына, №22 өрт сөндіру мекемесіне, №2 аудандық орталық аурухана қызметкерлеріне, байланыс бөлімшесінің, телекоммуникация, орман шаруашылығы ұжымдарына, шекарашыларға алғысымыз шексіз. Сондай-ақ қуанышқа кенелген балалардың ата-аналары да ризашылықтарын білдіруде. «Мейірімділік – жүректен» дегендей, бір-бірімізге деген жақсылығымыз жоғалмасын. Жаңа жылымыз құтты болғай! - дейді ауылдық округ әкімі Тілек Насырұлы.

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале