Жаңақала ауданының тұрғын үй, автомобиль жолдарының жағдайы қалай екендігін білу мақсатында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанғали Мұратовпен байланысып, сұхбаттасқан едік. Атамыш саладағы атқарылған жұмыстар мен бірқатар жетістіктерді баяндап, алға қойған мақсаттарды айтып өтті.
- Жанғали Есқалиұлы, осы салаға бөлім басшысы болып тағайындалғаныңызға бір жылдан аса уақыт өткен екен. Халық алдында есеп беріп, сұрақтарымызға жан-жақты жауап берсеңіз. Алдымен, осы уақыт ішінде бөлімнің атқарған жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?
- Жалпы 2021 жылы Жаңақала ауданында бұл салада бірқатар жұмыстар басталған болатын. Ең негізгі күрделі мәселе – өздеріңізге белгілі ол жолдардың мәселесі. Ауданның 9 ірі елді мекенінің кірме жолы, ауылішілік жолдар. Аудан орталығында 60 шақырымның үстінде ауылішілік жол болса, соның бар жоғы 14,5 шақырымы асфальтталған. Бұл бағытта 2021 жылы жолдар құрылысы бойынша 8 жобаны жасақтау жұмыстары басталып, жыл соңына дейін толық аяқталып, тиісті орындарға құжаттары ұсынылды. Сонымен қатар ауыл ішіне 6,2 шақырым жол құрылысы жүргізілді. Оның сыртында абаттандыру бойынша ауыл ішіне 1 шақырым тротуар, автотұрақ, 30 нүктеге көше жарығы, 12 көшеге құмды-қиыршық тас қоспасымен уақытша жол, С.Бабажанов көшесіне арық жүйесі, көшедегі қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында ауыл ішіне 8 бейнебақылау камералары орнатылды. Көпжасар ауылы ішіндегі электр бағандарын жаңарту, ЛПУ қалашығы ауданындағы көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыру бойынша,Салтанат, Саралжын, Борық, Плантация елді мекендерінің әлеуметтік нысандары мен тұрғын үйлеріне газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалды.
- Кезкелген істі бастау үшін оған алдымен жобалық-сметалық құжат жасайды. Қандай құжаттар толтырылады? Процедурасы қанша уақыт алады?
- Қандай да болсын жобаны іске асыру үшін ең алдымен жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталады. Бұл жұмыстарды бастамас бұрын жер актісін жасақтау, жобалау және сараптамадан өткізу жұмыстары бағалық ұсыныстарға сәйкес бюджеттік өтінімі жолданып, қаржысы бөлінуі қажет. Қаражат бөлінген соң, жобалау жұмыстарына конкурс беріліп, жеңімпазы анықталып, жобалау жұмыстары жасалады. Бұдан кейін, сараптамадан өткізу жұмыстарына конкурс беріліп, сараптамадан өткізіледі. Жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда, құрылыс салу үшін тиісті басқармаға хат жолданып, бюджеттік өтінімі ұсынылады. Жобалық-сметалық құжаттаманың мерзімі 3 жылға ғана жарамды. Егер де, осы 3 жыл ішінде құрылысына қаражат бөлінбеген жағдайда, жоба қайта түзетуден өткізілуі қажет. Яғни жобалық-сметалық құжаттаманы толық дайындау жұмыстарына кем дегенде 9-10 ай уақыт кетеді. Сондықтан, биыл іске асырылатын құрылыстың құжатын кем дегенде 1 жыл бұрын бастау қажет болады.
- Әлі күнге дейін күн тәртібінен түспеген, тұрғындардың өзекті мәселелері көп. Мысалы, осы күнге дейін шешімін таппай келген ауылдардың кірме жолдары. Осы тұрғыда не айтасыз?
- Жалпы аудан бойынша осы уақытқа дейін бірде-бір ауылдың кірме жолы жөндеуден өткізілмеген. 2021 жылы Пятимар, Қырқопа, Қызылоба, Жаңақала және Көпжасар ауылдарына дейінгі кірме жолдарды орташа жөндеуден өткізуге жобалау құжаттамалары жасалып, құжаттары облыстық автомобиль жолдары басқармасына тапсырылды. Қазіргі уақытта басқарманың мәліметі бойынша ұсынылған жобаларды қаржыландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын және биылғы жылға қаражат бөлу қарастырылуда екендігін хабарлап отыр. Кірме жолдарды жөндеуден өткізуге жылма-жыл жобалары жасалып, құрылысына қаражат бөлуді сұрау үнемі аудан әкімдігінің назарында болады.
- Былтыр 7 көшеге қатқыл табанды жол, онымен қоса жаяу жүргіншілерге арналған тротуар да салынды. Не себепті сол жоба биылғы жылға қалды? Кешіктірілуіне қандай факторлар әсер етті?
- 2021 жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасымен аудан орталығының Астана, Е.Орақбаев, М.Мәметова, С.Бабажанов, А.Дауылбаев, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Халықтар достығы көшелеріне жолмен қатар тротуар құрылысы салынды. Жобаның биылғы жылға ауысуына 2 фактор әсер етті: біріншісі – жобаға қаралған қаражаттың толық бөлінбеуі, екіншісі – ауа райының салқын уақытында асфальт төсемдерін төсеу жұмыстары тоқтатылды. Дегенмен, жолдың негізгі көлемі жасалды. Биылғы жылы қалған жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға беру жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде, жолды таңбалау, жол белгілерін орнату, жол жиектерін қалыпқа келтіру, бұрылыстардағы радиустарды реттеу, тротуардың кейбір тұстарына асфальт жабынын төсеу жұмыстары бар.
- Аудан орталығында салынып жатқан тұрғын үйлер қашан беріледі?
- Өздеріңізде білесіздер аудан орталығында 21 пәтерлі үй мен 40 пәтерлік үй салынып жатыр. Жалпы көлемі 61 пәтер. Бұл үйлерді аудандық құрылыс бөлімі қабылдап алған соң, бөлімге теңгерімге өткізеді. Осы жұмыстардан соң, тұрғын үй комиссиясының шешімімен кезектегі азаматтарға берілетін болады. Қазіргі уақытта, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға түгендеу жұмыстары жүргізілуде.
- 2022 жылға аудан аумағында сала бойынша жоспарланған қандай жұмыстар бар?
- Биылғы жылы орталықтың Қисыққамыс, М.Мирманов, Бірлік, Бейбітшілік, 1-Мамыр көшелеріне асфальтты жол мен тротуар салу жұмыстары басталмақ. Қазіргі уақытта, конкурстық рәсімдері аяқталуда. Жұмыстарды сәуір-мамыр айларында бастау жоспарлануда. Бұған қоса, орталықтағы Құрманғазы, 1-Мамыр, А.Жантурин, И.Меңдіханов, Г.Чуланов, Б.Уәлиев, №19, №12, №5 көшелеріне жол мен тротуар құрылыстарын салуға жобалары дайын.Қаражаттары бөлінсе, бұл жобаларды да бастау жоспарымызда тұр. Сонымен қатар ауыл ішіндегі су басу қаупі бар көшелерде су өткізгіш құбырлар салу, ауылішілік маршрутқа аялдамалар салу, 3 қабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру, С.Айтқұлов көшесіне тротуар салу, ауыл ішіндегі кейбір көшелерге қиыршық тас-құмды қоспалар төсеу, алдағы жылдарға іске асыру көзделген жобаларды жасақтау жұмыстары атқарылатын болады. Жалпы алғанда жоспарда тұрған бірқатар жұмыстар бар. Дегенмен, қай жұмысты болмасын халықтың сұранысына сай атқару үшін қаражаттың уақытылы бөлінуіне де байланысты екенін естен шығармауымыз керек.
- Сұрақтарымызға жан-жақты жауап бергеніңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz