Бүгін аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жаңа техникалармен толықты. Аталған бөлім мамандарына су жаңа жабдықтарды өз қолымен табыстауға барған аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов бөлім жұмысымен де таныс болып, айтар уәждеріне құлақ түріп қайтты.
Саптық жиында сөз алған Мирболат Бауыржанұлы «Қай салада болмасын жұмыстың ілгерілеуі мен жақсы нәтиже беруінде материалдық құндылықтардың маңызы зор. Бөлімнің жұмысы жауапкершілік жүгінің көптігімен, қиындығымен ерекшеленеді және әр кезде мақтауға тұрарлық. Аудан әкімдігі тарапынан жылма жыл осы салаға ерекше көңіл бөлініп, керекті материалдық жабдықтармен қамтамасыз етіліп келеді. Бүгінде авариялық құтқару қызметіне қажетті құралдар табыстағалы отырмыз. Аудан әкімінің қолдауы арқылы жеткізіліп отырған құрал-жабдықтар сіздердің жұмыстарыңызды барынша жеңілдетуге көмектеседі деген ойдамыз. Осы арқылы сіздердің еңбектеріңіздің қашанда жоғары бағаланатындығын сезінсеңіздер деймін», - деп аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Серік Алтаевқа жаңа техникалардың құжаттарын табыс етті.
Өз кезегінде сөз алған Серік Қыдырашұлы да ризашылығын жеткізіп, мамандардың қатынасуымен қораптарды ашып, жаттығу макетіне сынап көрді.
КРУГ-АМ гидраликалық құтқару жинағы құтқару және бөлшектеу жұмыстарын жүргізуге арналған. KRUG-AM жинағына автономды қуат модулі және ауыстырылатын жеті қондырма кіреді. Бұл әмбебап құрал өрт сөндіру қызметтерінде, Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару жасақтарында, Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтарында, құрылыс бригадаларында, сондай-ақ теміржол саласында да кеңінен танымал.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы