Жәнібек аудан әкімі Тимур Шиниязовтың 2024 жылғы 10 шілдедегі №97-ө өкімімен аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып Рустам Аманғалиев тағайындалды.
Бөлім басшысын таныстырған аудан әкімі аталған бөлімнің жұмысы көп әрі күрделі екенін айта келіп, бөлім алдында тұрған міндеттерді орындауда Рустам Мирамұлының ұжымымен бірлесіп қызмет атқаратынына сенім білдірді. Ал Рустам Аманғалиев өзіне жүктелген тапсырмаларды орындау жолында аянбай еңбек ететінін жеткізді.
Рустам Аманғалиев 1987 жылдың 2 маусымында Бөкей ордасы ауданы Сайхын ауылында дүниеге келген. 2013 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінде «қаржы бакалавры» мен 2020 жылы Батыс Қазақстан инновациалық-технологиялық университетінде «Құқық бакалавры» мамандықтары бойынша білім алған. Еңбек жолын 2010 жылы «Қазпошта» АҚ Жәнібек ауданы бойынша филиалының байланыс операторы қызметінен бастаған.
Әр жылдары Жәнібек ауданы әкімдігінің «Жолаушы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының экономисі, аудан әкімдігінің «Жолаушы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бастығының міндетін уақытша атқарушы, Жәнібек аудандық кәсіпкерлік бөлімі бас маманының міндетін атқарушы, Жәнібек аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы, Жәнібек аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарған. 2022 жылдан бастап күні бүгінге дейін Жәнібек ауылдық округі әкімінің орынбасары болды.
Отбасылы, 2 ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы