«Қарты бар елдің – қазынасы бар» деп білген дана халқымыз әманда асыл дарияларымызға құрмет көрсеткен. Саналы ғұмырында еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбітшілікте тыныш өмір кешуіне салмақты үлестерін қосқан ауыл үлкендерінің басын біріктірген бірден-бір ұйым – аудандық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі.
Жігерлерін жасытпай, қарттыққа бой алдырмай келе жатқан ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты апаларымыздың ауданымыздың саяси-қоғамдық өмірінде үнемі белсенділік танытып, бастамалар көтеріп жүретіні көрген көзге қуаныш сыйлайтыны рас. Өздерінен кейінгі буын өкілдеріне тек «үлгі» болып келе жатқан ардагерлеріміздің барында бағасына жетіп, игіліктерді алдарына үйіп, сұратқандарын тауып беріп отырар болсақ, оларға одан артық ештеңе де керек болмасы анық. Белсенді өмір салттарына қарамастан көңілдері «жағдайыңыз жақсы ма?» деген бір ауыз сөзден марқайып қалатын ауыл үлкендеріне бүгін сый көрсетілді.
Бүгін Амангелді Уәлиев бастаған «Ардагерлер ұйымының» шаңырағына аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов барды. Төрағамен бірге Қабаш Жүнісов, Нұрман Түменов сынды белсенді ардагерлер басшылық өкілінің алдынан шығып, ұйымның атқарып жатқан жұмыстарымен, бірлестік қорында жинақталған құнды материалдармен таныстырып, ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Мирболат Бауыржанұлы: «Сіздер біздің жолымызға жарығын түсіріп тұратын шырақ секілдісіздер. Қандай да бір сәттерде өздеріңізге қарап еңсемізді тіктеп, жүретін жолымызды айқындап аламыз. Белсенді түрде жұмысын жүргізіп отырған аудандық ардагерлер ұйымының әр мүшесі бір тарих. Қай сәтте болмасын жаңа бастамаларға жетелеп, өздеріңіз куә болған ғасырға жуық тарихты келер ұрпаққа қалдыруды мақсат ету жолында атқарып жатқан жұмыстарыңыз біз үшін өте құнды. Аудан өміріндегі орындарыңызды ерекше бағалайтынымызды жақсы білесіздер. Сіздер айтқан бір ауыз сөз де жерге тасталмақ емес. Осы орайда аудан әкімінің өздеріңізге жолдаған ерекше ықыласын арқалап келіп тұрмын. Жаңа заманның талабына сай, электрондық жүйенің дамуына байланысты өздеріңізге аудан әкімдігі атынан жаңа техниканы табыстауға рұқсат етіңіздер», - деп соңғы үлгідегі «HP» маркалы ноутбугын табыстады.
Өздерін үнемі назардан тыс қалдырмайтын аудан әкіміне ризашылығын білдірген ардагерлер кезекпен ақжарма тілектерін жеткізді. Жинақталған құнды материалдардың барлығының электронды нұсқасы жасақталатындығын, жұмыстарының жоққа кетпей тарих болып қалатындығын айтысып мәз болды.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы