11.09.2024, 0:07
Оқылды: 116

Жәнібек ауданы әкімінің кездесуі Қамысты мен Тауда жалғасты

Бүгін Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов сала басшыларымен бірге Қамысты, Тау ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Аудан әкімі жыл басынан бері атқарылған және жоспарланған жұмыстармен таныстырып, соның ішінде тұрғын үй құрылысы бағытына ерекше тоқталды.

image-10-09-24-11-53-4

- Жергілікті атқарушы органның тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік әлжуаз топтағы азаматтарды баспанамен қамту мақсатында ауылдық елді мекендерде 28 тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 28 отбасы баспанамен қамтылады. Ауданда жеке тұрғын үй құрылысы да жақсы дамып келеді. Қазіргі уақытта жеке сектордан жалпы 21 тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 12 үйдің құрылысы аяталса, 9 үйдің құрылысы аяқталу сатысында. Тұрғын үйді пайдаланымға беру көрсеткіші бойынша жыл аяғына дейін жалпы алаңы 5560 шаршы метрге жеткізіледі деп күтілуде,- деді Тимір Серікұлы.

Кейін ауыл тұрғындары маңызды мәселелерді көтеріп, аудан әкіміне кезегімен өз уәждерін жеткізді.

image-10-09-24-11-53-5
Қамысты ауылдық округінің тұрғындары ауылды жарықтандырудағы қиыншылықтарды, мал азығының жеткізілудегі түйткілдер, жерді мемлекетке қайтару мәселесі, яғни мал жайылымын кеңейту турасында сұрақтарын қойды.
Аудан әкімі айтылған мәселелердің шешімін мүмкіндігінше жиналыс барысында шешуге тырысып, жиылғандардың ұсыныстарын назарға алды. Сонымен қатар ауыл тұрғындары «Шанхай» және «Достық» шағын аудандарына екі қосалқы трансформаторлық станция орнатуды ұсынды. Айтылған ұсыныс жарықтандыруға байланысты мәселені түпкілікті шешетін болса, аудан әкімі қарастыруға дайын екенін жеткізді. Одан бөлек жаңбырлы уақытта бүлінген ауылішілік жолдарды тегістеу сынды өтініштер де айтылды. Ал «Қамысты-Орал» бағытындағы жолаушы тасымалдау көлігін шығаруға уәде берген аудан әкімінің өз уәдесін көп ұзатпай орындағанына ризашылығын білдірген жұртшылық ауыл ішінде қауіпсіз аймақта аялдама орнатуға ұсыныс білдірді.

image-10-09-24-11-53-1
Таулықтар аудан әкімінің баяндамасын тыңдап, көкейтесті сұрақтарын қойды. Аталған жиналыстағы өзекті болып табылған бірден-бір мәселе – ауылда орналасқан мектеп жанындағы интернатының жабылу қаупі. Бұл дегеніміз, мекемеде жұмыс атқаратын 9 адамның жұмыссыз қалуына әкеп соқтырады. Аталған интернатта 3 оқушы жатып, білім алуда. Білім басқармасынан келген бұйрық аясында бұл көрсеткіш 9 оқушыдан кем болмауы керек екен. Осы мәселе төңірегінде Ғ.Абдуллин атындағы орта мектеп директорынвң міндетін уақытша атқарушы Нұртолқын Машанова интернат жабылған жағдайда ғимаратты қосымша мекеме ретінде сақтап қалу жөнінде ойын айтты. Сонымен қатар ауыл тұрғындары техникалық су тарту, жастарды ауылға тарту мақсатында шағын спорт кешенін салу сынды ұсыныстарын ортаға салды.
Тұрғындардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған аудан әкімі халықтың ұсыныс-тілектері назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Жиыннан кейін аудан әкімі мен сала басшылары жеке қабылдау өткізді.

Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале