Бүгін «Жәнібек» спорт клубында аудандық, қалалық, облыстық әкімдіктердің мемлекеттік қызметкерлері арасында волейболдан Жәнібек ауданы әкімі кубогі үшін жарыстың ашылу салтанаты өтті.

Жарысқа облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, аудан әкімі Тимур Шиниязов, Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов пен қоғам белсендісі, зейнеткер Бекет Әліпқалиев қатысты.

Ойын алаңына қатысушы командалар шақырылды. Олардың қатарында Ақжайық ауданының командасы. Команда капитаны Фархад Уахитов. Олар 2018 жылғы жазғы спартакиада жеңімпаздары, 2023 жылғы облыс әкімі кубогінің иегерлері, 2025 жылы Шыңғырлау ауданы әкімінің кубогінің жеңімпаздары. Батыс Қазақстан облыс әкімдігінің командасы. Команда капитаны Арданат Қаратай. Облыс әкімі кубогінің 2021, 2022, 2024 жылдың чемпиондары. Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы спартакиаданың 2021, 2022, 2023, 2024 жылдың жеңімпаздары. Бәйтерек ауданының командасы. Команда капитаны Сұлтан Хайрушев. 2024 жылы мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиаданың 3-орын жүлдегерлері, сондай-ақ ауданаралық турнирлердің жеңімпаздары. Бөкей ордасы ауданының командасы. Команда капитаны Мереке Бисембаев. 2022 жылы өткен мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиаданың 3-орын иегерлері, 2023 жылы Бәйтерек ауданы әкімі кубогінің 2-орын жүлдегері, Казталов ауданы әкімі кубогінің 1-орын, БҚО әкімі кубогінің 2-орын, Жәнібек ауданы әкімі кубогінің 2-орын, Бөкей ордасы әкімі кубогінің 2-орын және Орал қаласы әкімінің кубогінің 3-орын жүлдегерлері. Теректі ауданының командасы. Команда капитаны Дмитрий Берников. Жәнібек ауданының командасы. Команда капитаны Нұрболат Садырбаев. 2004 жылғы Батыс Қазақстан облысы әкімі кубогінің жеңімпазы. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиаданың 3 дүркін жеңімпазы. Облыстық, ауданаралық турнирлердің жеңімпаздары.
Жарысқа жалпы 6 команда қатысуда.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалып, облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Ерсайұлы мен аудан әкімі Тимур Серікұлы командаларға сәттілік тіледі.
Кейін қазақтың дәстүріне сай командаларға қонақкәде ретінде естелік сыйлықтар берілді.
Бишілер мың бұрала билеп, жезтаңдай әнші Райымбек Кәрімов әннен шашу шашып, ойыншыларға рух беріп, серпілтіп алды.

Ойын екі жерде, яғни «Жәнібек» спорт клубы мен А.Оразбаева атындағы негізгі мектебінің спортзалында өтуде.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы