Биыл Тау ауылында жақсы жаңалықтар жетерлік. Мәлім, ауылдан түлеп ұшқан, мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл болған түлектер ауылға қажет құнды дүниелерді сыйға тартты. Мәселен, 2015 жылғы мектеп түлектері ауыл орталығында орналасқан саябақтың келушілеріне арнап тынығуға арналған орын жасап берсе, 2005 жылы аталмыш білім ордасын тәмамдаған мектеп түлектері ауылға бастайтын жолдың бұрылысына «Тау ауылы» белгісін орнатты. Ал, орта мектептің 1995 жылы бітірген түлектері туған жерге ту тігіп, ауылға «Рәміздер» аллеясын тарту етті.

Онымен қоса, ауыл ішін абаттандыру мақсатында 45 дана жарық шам орнатылды.

Жақсы жаңалықтар легі бұнымен тоқтамай, өз жалғасын табуда. Кеше таулықтар үшін ерекше күн болды. Себебі ауылға көрік беріп тұрған орталық саябақ күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындардың көз қуанышына айналды.

Еске сала кетейік, 1970 жылдары Қайрат ауылдық кеңесінің төрайымы қызметін атқарған Ару (Аруғаным) Смайлова ауыл еңбеккерлерімен бірге орталық саябақтың негізін қалаған. Ауылдың орталығындағы көгалда саябақ қоршалып, теректер әкелініп егілді. Оларды суару, күтіп-баптау сол кездегі апалар мен мектеп оқушыларының күшімен атқарылды. Кейін саябақта Қайрат совхозынан соғысқа аттанып, елге оралмаған жерлестерге арналып ескерткіш орнатылды. Саябақтың қалануына өз үлесін қосқан Ару Смайылқызы Тау ауылында дүниеге келген, сонда өсіп-өнген. ҚазМУ-дың «Экономика» факультетін бітіріп, туған ауылында бухгалтер, экономист, кейін ауылдық кеңес төрайымы қызметтерін атқарды. Жәнібекке кәсіподақ басшылығына ауысып, содан зейнетке шыққан. Ауылдастары осыдан 3-4 жыл бұрын саябаққа Ару Смайлованың есімін беру жөнінде бастаманы көтеріп, сол саябаққа тақта да орнатты.

«Ару Смайылқызының еңбегі орасан. Есімі жазылған тақта орнатылғанымен, саябаққа А.Смайлованың есімін беру жөнінде үлкен жұмыс атқарылды. Алайда, сол кезде ауыл әкімі болған Кенжебек Еркеғұлов «жеке атау беру дұрыс болмас, жалпылама атауға ұсынылса…» деген пікірін білдірген-ді. Бұл мәселе қауымдастықтың жиынында талқыланды. Қауымдастық бірауыздан А.Смайлованың есімін беру керек дегесін облыстық ономастикалық комиссияға жолданған еді. Дегенмен, жеке адамдың есімін беру күрделі мәселе делінді. Сол себепті әзірге жалпы атау, мәселен «Арулар саябағы» секілді атау талқылануда», - дейді Тау ауылдық округінің әкімі Нұртілек Мизамбаев.

Жөндеу кезінде түнде жарқырап жанып, менмұндалап, алыстан көрініп тұратын саябақтың кіреберіс қақпасына «Саябақ» деген жазу орнатылды. Заманға сай субұрқақ орнатылып, спорт алаңы салынды. Сонымен қатар құмда ойнайтын волейбол алаңы да салынып, орнатылған жарық шамдар сахнаға көрік беріп тұр.

Саяқбақтың жөндеуден өтіп, қайта ашылуына орай салтанатты шара өтті. Шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов жылы лебізін білдірді.

Әдемі кеш «Жаңарған саябақ –жайнаған өмір» атты мерекелік концертімен өз жалғасын тапты. Ауылда жасалып жатқан игі істер жалғасын таба берсін демекпіз.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы