Бүгін Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылына қарасты Еңбекші елді мекенінің тұрғындары үшін қуанышты күн. Еңбекші ауылында жаңадан ауыз су құбыры тартылып, еңбекшіліктердің қуанышы еселенді.
Аудан әкімі Тимур Шиниязов пен оның орынбасары Жақсылық Абдолов, аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов жерлестеріміздің қуанышын бөлісуге арнайы келіп, жылы лебіздерін білдірді.
- «Су – тіршілік көзі, жердің нәрі» деп дана халқымыз текке айтпаған. Халықтың денсаулығы ең бірінші ауыз суға байланысты болса, ал ауыл халқының әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі өсірген егіні мен алған өніміне байланысты екендігі белгілі. Үкімет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыруға, бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламалардың да ең өзектісі – ауыз су мәселесі. Таза ауыз су құбырын тарту «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асты. Қуаныш күндеріміз көп болсын! - деді аудан басшысы.
Өз кезегінде ауыл тұрғыны Зәкәрия Шоманов ауыл тұрғындарының атынан алғысын жеткізді.
Айта кету керек, құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 10 сәуірінде басталды. Қазіргі таңда Еңбекші ауылындағы 31 тұрғын үйге ауыз су құбыры толық тартылды.
Су қысымды мұнарасы, резервуар, насосты станция ғимараты салынды. Жалпы ұзындығы бес шақырым. Ауыз су құбыры орда топтық су құбырына қосылды. Мердігер – «Engineering and construction group» ЖШС.
Райымбек Шапағат,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz