28.08.2023, 17:30
Оқылды: 78

Жәнібек ауданы: Майтүбектіктегі медициналық пункттің күрделі жөндеуі қыркүйекте аяқталады

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес аудан мен ауыл әкімдері тоқсанына бір рет тұрғындармен жүздесіп, атқарылған жұмыс туралы ақпарат береді. Жәнібек ауданында дәл осы байланыс халық пен әкімдіктің арасын едәуір жақындатты деуге болады. Қарапайым тұрғындардың арасында ел дамуы үшін пікір алмасып, ұсыныстарын айтып, кез келген мәселені бірлесіп һәм ақылдасып шешкен аудан әкімі мен ауыл әкімдеріне тұрғындардың көзқарасы оңалып келеді. Жасыруға келмейді, қаулы қабылданбас бұрын бұқара мен билік ымыраға келе алмай, ұлт болуда айрықша рөл атқаратын тұтастықтан айырылып қалды. Мемлекеттің басты байлығы адам десек, билік онымен санасуы керек. Себебі дәл сол ауыл яки ауданның өзекті мәселесін көз ашқаннан осы ауылдың ауасын жұтқан жергілікті тұрғындардан артық ешкім білмейді. Осы орайда аудан әкімі Тимур Шиниязов есеп беру мақсатында ауыл жұртшылығымен жүздесті.

Кітапханаға жан бітті

Есептік кездесу Талов ауылынан басталды. Тұрғындармен жүздеспес бұрын өткен кездесуде айтылған және шешімі табылған мәселелерді көзімен көрді. Соның бірі Майтүбек елді мекеніндегі құжатсыз кітапхана. Ол аздай, қабырғалары қақырап, төбеден топырақ саулап тұрған еді. Адам айтса, сенгісіз орындағы кітапханашы әрі еден жуушы «қыс мезгілінде бұл жерде бір сағат отыру мүмкін емес. Жазда амалдармыз, қыста өлместің күнін кешеміз» деген еді. Киелі орынның аудан әкімінің қолдауымен құжаты жасалып, қысқа дейін газ кірмекші.

janibek (2)

Денсаулық – басты байлық

Шалғайда жатқан ауыл жұртының тізесі сырқырап, балтыры сыздаса аудан орталығына лезде жете алмайтыны белгілі. Осы ретте оларға медициналық көмек көрсететін орталық қажет-ақ. Майтүбектіктер тозығы жеткен медициналық пунктке күрделі жөндеу керегін жарыса айтқан болатын. Олардың бұл өтініш-тілектері де орындалып, қазіргі таңда пунктке жөндеу жүріп жатыр. Аудан басшысы Тимур Серікұлы аяқтай барып, құрылысты өз көзімен көрді. Ел игілігі үшін басталған жұмысты аудандық аурухананың тапсырысымен «Символ» ЖШС атқаруда. Оған 27 400 532,81 теңге бөлінді. Жоспар бойынша қыркүйек айының 22-де аяқтауы тиіс.

«Судың дәмі ащы. Қашан түзеледі?»

 Әкімдермен жүздесуге келген ауыл жұртшылығы бірден ауыз су мәселесін көтерді. Ауыл тұрғыны, «Нұрай» шаруа қожалығының басшысы Тілепберген Перғалиев:

 - Судың дәмі ащы. Тіпті ішуге келмейді. Қанша кездесу өтіп жатыр. Соның бәрінде осы ауыз су мәселесі көтеріледі. Қашан түзеледі? - деді.

Ауыл әкімі Нұрдәулет Қыдырғалиев күрмеуі шешілмеген жайтқа жалпы тоқталса, аудан басшысы бұл сұраққа нақты жауап берді. Айтуынша, ауыз суға жарымай отырған ауылдар баршылық. Не сапасы сын көтермейді, не құбыры шіріген. Аудан бюджетінің әлі жетпейтінін біліп, облыстан көмек күткен басшы бұл мәселені халық қалаулыларына да жеткізіп отырғанын айтты. Сөзін «келер жылдың еншісінде» деп түйіндеді. Зейнеткер Мәруаш Қуанышқалиқызы үш көшені жарықтандыру керегін ауыл дамуымен байланыстырып жеткізсе, Сансызбай Айтбаев тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру жөнінде ой қосты. Жүздесуде шаруалардың күйігіне айналған киік мәселесі де айтылды. «Жалмұқан» шаруа қожалығының басшысы Сағынай Нұрмұқанов ақбөкен таптаған жердің өтемақасын алу туралы шаруаға ортақ жайтқа тоқталды. Сонымен бірге ол су қоймасының тайызданып бара жатқанына алаңдап, тазалық жүргізуді ұсынды. Өршіп тұрған киіктің жайын аудан басшысы елмен талқылап, сұрақтарға жауап берді.

janibek (3)

Жақсыбайлықтар «Ауыл аманатынан» үмітті

 Таловтың тыныс-тіршілгіне қаныққан аудан басшысы атбасын Жақсыбай ауылына бұрды. Мұнда тұрғындар жеке мәселелері бойынша қабылдауға алдын ала жазылды. Ауыл әкімі Алмат Қаратаев қабылдау форматына тоқталып, ауылда атқарылған істер туралы тарқатты. Содан соң жақсыбайлықтар аудан әкіміне жолығып, мәселелерін ортаға салды. Ол арадан бөлім басшылары да табылып, әр тұрғынды алаңдатқан жағдайды бірлесіп шешуге ұмтылды. Олар көбіне «Ауыл аманаты» жобасы жөнінде сауалдарын қойды. Несие алушылардан үш адам қабылдауға жазылып, жоспарларымен бөлісті. «Мансап орталығы» мекемесінің директоры Миранбек Ибатов:

- Аудан дамуы үшін мақсатын жүзеге асыруға тырысқан жандардың жобадан өткен, өтпегені туралы санаулы күндерде хабарланады ,- деді.

Жаңа ФАП құрылысы қарқынды

Ауыл тұрғындарын қабылдаған аудан әкімі жаңадан салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктіне аялдады. Ауылға бұл орталықтың ауадай қажет екені өткен есептік кездесуде айтылды. Тұрғындар аттай қалап, өзге ауылдардағыдай ем алатын орталықтың керегін тап басып айтқан еді. Мемлекеттік сатып алудың нәтижесінде «Альтаир» ЖШС жеңімпаз атанып, құрылысты бастап кетті. Ауыл әкімі мен жоба жетекшісі Мерей Қылмырза құрылыспен таныстырды. Жұмысшылар көзді ашып-жұмғанша кірпішін қалап, шатырын жабуға кіріскен. Аудан басшысы тез жүріп жатқан әрі сапалы жұмысқа оң баға беріп, сәттілік тіледі.

janibek (6)

Борсы тасада қалды ма?

Жалпы жеке қабылдау форматында ұйымдастырылған кездесу ұзаққа созылды. Мәдениет үйіне жиналған қауым ауылға ортақ мәселені ғана айтты. Аудан басшысының қысқаша баяндамасынан кейін сөз тұрғындарға берілді. Ауыл тұрғыны Е. Есенғалиева:

- Баяндамадан өзге ауылдарда атқарылған керемет жұмысты естідік. Түрлі құрылыстар жүріп жатқанынан да хабардар болдық. Ал Борсы ауылына ешқандай қаражат қарастырылмаған екен. Бұл жерде де халық бар ғой. Кей кезде Борсының болашағы жоқ деген көзқарас қалыптасқан ба деп қаламын. Су құбырын жөндеу, фельдшерлік-акушерлік пункт, тротуар салу сияқты жұмыс жасалуы керек еді. Биыл ешқайсысы қолға алынған жоқ, - деп осы жылы тасада қалған ауылдың болашағын ойлап, өкпесін айтты.

Аудандық мәслихат депутаты «Марал» шаруа қожалығының жетекшісі Марал Әбілов те үн қосып:

- Ел болған соң мәселелер де болады. Ауыл жұртының айтуы да орынды. Келесі жылы бір көшеге асфальт төсеуге жобалық-сметалық құжат жасақталды. Ендігі кезекте Абай көшесіне де тақтайдай тегіс жол салынса деген арман бар. Ауылда ауыз су мәселесі де өткір. Әсіресе, осы мәселе шешімін тапса екен дейміз. Демалыс саябағын жөндеуден өткізуге қаржы бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді,- деді.

Су құбырларын шұғыл түрде жаңғырту керегін қолдаған тұрғындардың айтары жарық бағаналарына қарай ойысты. Байқасақ, ауылда мәселе жетерлік. Қарапайым ауылдың реңін бұзған бұзылған үйлердің өзі тұрғындарға жайсыздық сездіреді. Оларды заң талаптарына сай тазалап, бір амалын табуды ұсынды. Ренішін білдірген борсылық ағайынды аудан басшысы сабырға шақырды. Айтылған талап-тілекті қойын дәптеріне түртіп алып, әріптестерімен шешімін табу үшін тер төгетінін айтты.

 «Ауа райы құбылса, жарықсыз қаламыз»

Қамысты ауылының тұрғындарын қабылдауда аудан әкімі мен бөлім басшылары көптеген мәселеге қанық болды. Соның бірі – жайылым жері. Ауыл тұрғындары халық саны өзге ауылдардан көп болғанымен, жайылым жері өзге ауылдан аз екеніне наразы. Аудан басшысы Тимур Серікұлы мен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешов жауап беріп, ретке келтіретіндерін айтты. Мәселенің үлкен-кішісі болмайды, әрине. Дегенмен осы сәттегі ең күрделі мәселе электр жүйесінің ескіргені. Олар:

- Ауа райы құбылса, жарықсыз қаламыз,- дейді ашынып.

Тек Қамыстыда емес, тұрғындармен кездесу өткен әрбір ауылдың айтары осы. Бірақ бұл қыруар қаржыны талап ететін жұмыс болған соң, жақын арада шешімі табылатын жұмыстар қатарына жатқызбаған аудан басшысы құр уәде бермеді. Тек облыс басшыларына жеткізіп, тиісті қаржы бөлінгенше қолдан келер әрекетті жасаймыз деген сыңай танытты. Пікірталас тудырған түйткіл иесіз тұрған үйлердің жайы. Ауылдың сәнін кетірген, қираған үйлердің әуелі иесін тапқан жөн. Адамгершілікпен келісіп, бұзып алмаса қолдан келер қайран жоқтай көрінді. Себебі заң аясында әрбір мүлік иесінің рұқсатынсыз оның ешқандай мүлігіне қол сұғуға болмайды. Соны ескерген басшылар ескерту жүргізілетінін жеткізді. Одан өзге қамыстылықтар ауылда жалақы, зейнетақы алатын банкомат болғанын қалайды. Олар ақша түсетін уақытта таксимен аудан орталығына барады. Онда да құрылғылар жасамай, алтын уақыттарын шығындап, біраз әуре-сарсаңға түседі. Осы орайда аудан әкімі «Еуразиялық банкпен» келіссөз жасап, аудан бойынша аталған банк картасына 1000 тұрғын тапсырыс берсе, Жәнібек ауылынан банкомат қойылатынын айтты. Оның аудан жұртшылығына көмегінің орасан екенін жеткізіп, тиімді тұстарын тарқатты. Тоғандарды тазалау, ауыз судың сапасы мен құбырдың жағдайы сынды мәселелер де талқыланып, басшылар нақты жауап берді.

janibek (5)

Тау ауылының жастары жұмыс іздейді

Аудан басшысы атбасын тау ауылына бұрып, тұрғындарды жеке қабылдауға кірісті. Қабылдауға жазылған тұрғындардың көбі жастар болды. Мәселе – жұмыс. Жылдарды сарп етіп оқыған мамандығы бойынша жұмысқа орналасу әр жастың арманы. Бірақ бүгінгі таңда жастардың бірден жұмысқа тұрып кетуі екіталай. Әсіресе, мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті болса... Осылай ауыл тұрғыны, күні кеше оқуын аяқтап, қолына дипломын алған А. Жасқайратова «Мансап орталығы» мекемесінің директоры Миранбек Ибатовқа жолықты. Ол өз кезегінде жастарға арналған түрлі бағдарламалар мен қолдаудың барын айтып, «Жастар тәжірибесі» туралы ақпарат берді. Жас маманға ауылдағы мектеп директорымен ақылдасып, құжаттарды дайындай беруді тапсырды. Келесі келген таулық жас А. Арыстақованың да қалауы осы. Педагог болып, дипломын көкке көтеріп келген ол алғашында аталған бағдарламалар бойынша қызмет еткен. Демек, бұл бағдарламалар ол үшін күшін жойған десек те, болады. Аз ғана сағат бөлсе де, өз мамандығы бойынша еңбек еткісі келген маманға басшылар қолдан келгенше көмек беретінін айтып, шығарып салды. Жастар жұмысқа құштар әрі білімді. Үлкендер арасында қалыптасып кеткен «жастар жалқау» деген жаңсақ пікір. Ал оларға дер кезінде мүмкіндік беріп, арқасынан қағып, белін буса, тау қопаруға әзір. Таулық жастар осыны дәлелдеді.

Күшіміз – бірлікте

Осылайша аудан басшысы Тимур Серікұлы, бөлім басшылары ауыл аралап, тұрғындармен жүздесті. Олардың жанынан ауыл ақсақалдары табылып, жөн сілтеді.

janibek (7)

Далада болсын, іште болсын еркін сұхбаттасып, пікір алмасты. Аталған ауылдардан бөлек Жәнібек, Ақоба, Ұзынкөл, Күйгенкөл жұртшылығының мәселелерін тыңдады. Байқасақ, тұрғындар нәтижесіз кездесулерден шаршаған. Бәрібір ештеңе шешілмейді деген ойда. Дегенмен бұл үмітсіздік өткен есептік кездесулердегі күрмеуі шешілмеген жайттарды шешу арқылы жойылды деуге әбден болады. Ауылдағы ағайынның жанарында үміт қайта оянып, мәселелер төңірегінде бірігіп ақылдасты. Аудан әкімі:

- Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес аудан және ауылдық округ әкімдері тоқсан сайын халықпен кемінде бір кездесу өткізуі керек деп көрсетілген. Бұл жай кездесу болмауы керек деп ойлаймын. Үш айда бір сіздермен дидарласып, ұсыныстарыңызды тыңдап, әрмен қарай жұмыстану жеңіл болатыны анық. Ал бір ғана бөлмеден шықпай, мәселерді шешудің орнына қашқақтай беру ешкімге опа бермейді. Дәл солай қарапайым халық та, яғни, сіздер де әрекет етсеңіздер, біз алмайтын асу болмайды. «Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» деген дана халқымыздың сөзі бар. Осы бір-ақ ауыз сөз көп нәрсені айқындап тұр. Ел болған соң әртүрлі мәселе болады. Мен оларды сіздерді тыңдап, пікірлеріңізбен санасып шешуге дайынмын,- деп, күшіміздің бірлікте екенін жеткізіп, сөзін түйіндеді.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале