Әр отбасы – қоғамның маңызды бөлігі. Әр шаңырақтың өз тағдыры, өз тарихы бар. Кейбір отбасылар қиындықсыз өмір сүріп жатса, өкінішке қарай, кейбірі тұрмыстық және әлеуметтік қиындықтарға тап болып, қолдауға мұқтаж. Әсіресе, моральдық тұрғыдан қиындық көріп, жан жылуына зәру болып отырған отбасыларға қоғам болып көмек беру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр отбасының бақытты өмір сүруі үшін жағдай жасау туралы үнемі айтып келеді. Бұл бағытта берілген тапсырмалар – өмірімізге бағдар болуы тиіс. Осы мақсатта ауданда «Отбасын қолдау орталығы» ашылып, оның басшысы тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №256-НҚ «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сай орталық директоры лауазымына Эльмира Шарафетдинова лайық деп танылып, жұмысқа кірісті. Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов Эльмира Мәдиқызын жаңа қызметімен таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Эльмира Шарафетдинова 1972 жылы Жәнібек ауылында дүниеге келген. Білім жоғары. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік аграрлық университетін «Зоотехника» және Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1995 жылы Жәнібек аудандық ішкі істер бөлімінде паспортист болып бастаған. 1995 жылдан 2021 жылға дейін аталған бөлімде көші-қон қызметінің аға инспекторы болып жұмысын атқарды.
Айта кетейік, орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсете отырып, отбасы саясатын жүзеге асырады. Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның үйлестіруімен, өз құзыреті шегінде білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары қатысқан кезде өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыру болып табылады. Қазіргі таңда орталық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан ашылып, ғимараттың екі бөлмесінде жұмысын бастап жатыр.
Жаңа ашылып жатқан орталық отбасылық құндылықтарды арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы