«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 113- 1-бабының 2,3 тармақтарына сәйкес және Жәнібек ауданының аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылғы 6 қарашадағы №32 қаулысы негізінде үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанына Талов ауылдық округі әкімінің сайлауы тағайындалған болатын. Сайлауға қатысуға үш үміткер, атап айтсақ, Үнзила Күлтанова, Асқар Сәрсенғалиев, Мирасбек Төрешов өз кандидатураларын ұсынды.
Осыған орай бүгін Талов ауылдық мәдениет үйінде кандидаттартың бағдарламасын талқылау, біліктіліктерін халық алдында көрсетіп, таныту мақсатында пікірсайыс өтті.
Аталған лауазымға өзін-өзі ұсынған бір үміткер белгілі себептермен пікірсайысқа қатыса алмады. Ол – Мирасбек Төрешов. Бүгінгі күнге Бәйтерек ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің консультанты қызметін атқаруда.
Пікірсайысқа жергілікті қауымдастық, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты.
Жарыссөз үш кезеңнен тұрды. Ең алдымен жеребе арқылы сөйлеу кезегі анықталды. Бірінші кезеңде үміткерлер өз өмірбаянымен қоса еңбек жолын және сайлауалды бағдарламаларымен таныстырса, екінші кезеңде кандидаттар бір-бірімен сұрақ-жауап алмасты. Ал соңғы кезеңде ауылды көркейтуге ниет білдірушілерге тұрғындар көкейінде жүрген сұрақтарын жолдады.
Соңында үміткерлер сайлаушыларға өздеріне дауыс беруге шақырып, бір-біріне сәттілік тіледі.
Айта кету керек, Талов ауылдық округі тұрғындарының жалпы саны 759 адамды құрайды. 1 желтоқсанда өтетін сайлауда 373 адам дауыс береді. Округ бойынша 2 сайлау учаскесі жұмыс жасайды.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы