Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Біз, ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек», - деді. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталатыны да белгілі.
Президентіміздің тапсырмасы негізінде салынған, жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы басым мәдени орталықтардың бірі – жаңа кітапхана бүгін Жұмаев елді мекенінің тұрғындарына есігін айқара ашты.
Кітапсүйер жұртшылықтың қуанышына ортақтаса, салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Тимур Шиниязов арнайы барды. Ашылу салтанатында сөз алған аудан басшысы өтіп бара жатқан жылда аталған салаға үкімет тарапынан берілген қолдаудың арқасында Өнеге елді мекенінде жаңа кітапхана бой көтеріп, Еңбекші елді мекеніндегі кітапханаға ағымдағы жөндеу жүргізілгендігін баяндады.
Жұмаевтық жерлестеріміздің игілігі үшін салынған жаңа кітапхана ауылдағы басты рухани орталық болатындығына сенім білдірді. Тимур Серікұлы алдағы жылда жасқайраттық жұртшылықты да бүгінгідей қуаныш күтіп тұрғандығын жеткізді. Ғимараттың құрылыс жұмыстарын жүргізген жергілікті «Символ» ЖШС жетекшісі Есқайыр Елемесовке өз атынан, ауылдастар атынан алғыс айтты. Жаңа кітапхананың жұмысына қажет болатын техниканы сыйлыққа берді.
Артынша «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында Есқайыр Кафарұлы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Джукинаға «кітапхана қорына» деп жаңа кітаптар тарту етті. Өз кезегінде Светлана Сергоқызы құттықтау сөз сөйлеп, жаңа құрылыстың салынуына мұрындық болған аудан басшылығы мен құрылыс басшысына ризашылығын білдірді.
Ашылу салтанатында таулық күміс көмей әнші Жандос Темірғалиев «Қазақстан» әнін орындап, әрімен қарай жаңа кітапхананың лентасын қию рәсімі өтті. Лента қию құрметі Тимур Серікұлы мен ауыл ақсақалы Амангелді Көшекқалиевке табысталды. Кейіннен, аудан әкімі мен ауыл тұрғындары жаңа кітапхананың ішін аралап, кітапхана қорымен танысты. Ескі ғимараттан, жаңа ғимаратқа көшкен су жаңа мәдени ошақты көрген кішкентай оқырмандардың қуанышы жүздерінен білініп, мерекеге орай дайындаған өлең жолдарын орындады.
Айта кету керек, ел азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Есқайыр Елемесов кітапхана ғимаратының құрылысын жүргізсе, құрылыс жұмыстарына қаржы жергілікті бюджет есебінен бөлінді.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы