21.04.2025, 23:00
Оқылды: 181

Жәнібек ауданына келген Ресей делегациясымен бейресми кездесу өтті

​Бүгін Жәнібек ауданына көршілес Ресей Федерциясы Волгоград облысының Волжский қаласынан Волжск қалалық округі басшысының орынбасары Юрий Хонин бастаған ресми топ келді. Одан бөлек делегация құрамында «Водоканал» МКҚК директорының даму жөніндегі орынбасары Андрей Попов, «Волжский қазақтары» қоғамдық ұйымының төрағасы Ерсайын Назаров болды.

image-21-04-25-06-07-5

Келген қонақтар М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің басшылығымен өзара әріптестік-ынтымақтастық мәселесі бойынша бейресми кездесу өткізді. Делегацияның өкілдері жұмысшы мамандықтары бойынша мамандар даярлап жатқан колледж түлектерін Волжский қаласындағы тиісті кадрларға мұқтаж кәсіпорындарға кәсіптік тәжірибеден өтуге, одан әрі жұмысқа орналастырып, өзара тәжірибе алмасуға мүдделі екендіктерін жеткізді.
​Келушілерді колледж директоры Берік Ықсанов бастаған мамандар мен аудандық мәслихат төрағасы Тахир Кадимов, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев шекара бекетінен күтіп алып, білім ошағының жұмысымен таныстырды.

image-21-04-25-06-07-3 ​Биыл М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі үшін атаулы жыл. Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасы торқалы тоқсан жылдығын атап өтуде. Осы жылдар ішінде аталмыш білім ордасы сұранысқа ие сан мың маманды даярлап шығарды. 90 жылдағы білім жүйесінінің даму үдерісі, тарихы көршілес әріптестердің үлкен қызығушылығын туғызып отыр.

image-21-04-25-06-07-4

Колледждің тарихынан сыр шертетін музейді әдіскер Гүлжан Есмұханбетова бастап таныстырды. Әрмен қарай делегация мүшелері колледждің өндірістік базасымен таныс болды. Көршілер тарапынан түскен ұсыныс жылы қабылданып, аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов қатысқан екі жақ өкілдерінің дөңгелек үстел басындағы келісімдері сәтті аяқталды.

Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале