Оқушылардың ала жаздайғы асыр салып ойнаған, бірі қалаға, бірі демалыс орындарына барып тыныққан мерзімдері аяқталып, жаңа оқу жылы басталды. Бала үшін мектеп үлкен өмірге алып кірер киелі босаға болса, ата-ана үшін ол ұрпағына қатысты ең асыл арманына үміт жалғайтын қасиетті ұғым. Сондықтан да халқымыз қашан да білімнің парқын түсіне білген.

Жылдағы дәстүрге сай Білім күні мерекесінде ауданымыздағы барлық мектепте салтанатты жиындар өтіп, алғашқы қоңырау үні соғылды. Жаңа оқу жылы басталар айтулы күнде Жақсыбай ауылындағы М.Ықсанов атындағы мектеп-балабақша-бөбекжай кешеніндегі салтанатты жиынға аудан әкімі Тимур Шиниязов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Бекежан Шарафутдинов пен ардагер ұстаздар қатысты. Гимнмен ашылған алғашқы қоңырау салтанатты шарада аудан басшысы барлық оқушыға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытты жақсы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестігін білдірді.

Аталған мектептің директоры Жаран Қаратаев та мектептің жетістігін атап өтіп, алдағы жоспарларын да қоса айтты.
Сонымен қатар аудан басшысы бірқатар ұстазды алғысхатпен марапаттады.

Жаңа оқу жылындағы құттықтаулардан кейін егемен елдің болашақ ұрпақтары, мектепке енді ғана қадам басқан бірінші сынып оқушылары жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шумақтарын оқыды. Оларға мектеп бітіруші түлектері қанаттарының талмауын тілеп, сыйлықтарын табыс етті.

Салтанатта сонымен бірге, мектеп өнерпаздары ән шырқап, би билеп, барша оқушыларды алғашқы сабаққа шақырды.
Биыл аталмыш мектепте 193 оқушы білім алады.

Ал, аудан бойынша 2458 оқушы білім нәрімен сусындаса, оның 230 бүлдіршіні 1-сыныпқа барды.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы