Жуырда Жәнібек ауданының әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Басқосуға комиссия мүшелері, zoom платформасы арқылы ауыл әкімдері қатысты. Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Алдымен Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаев аталған ауылдық округтегі белсенді әйелдердің үлесі туралы айтты. Оның айтуынша, Жақсыбай ауылдық округінде 5 адамнан құрылған аналар кеңесі жұмыс жасап келеді. Олар ауыл-аймақтағы түйткілді жағдайлар мен тұрғындарды толғандыратын мәселелерді шешуге атсалысып жүр. Сонымен қатар биыл халықаралық Әйелдер күні қарсаңында ауылдағы жиырма алты келіншектен тұратын «Ақбілек» атты жас келіндер клубы құрылған екен.
- Клубтың мақсаты – салт-дәстүрді насихаттап, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру, мәдени-спорттық шараларға қатысып, игі істер жасауға атсалысу. Ауылымызда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі өнеге болып жүрген, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері баршылық. Солардың ішінде ең жас «Алтын алқа» иегері Гүлсім Бауединова, ал «Күміс алқа» иегері Гүлфариза Жұмашева, - деді онлайн қатысқан Алмат Бақытұлы.
Сондай белсенді әйелдердің үлестерін Борсы ауылдық округінің әкімі Зинхар Бақтығалиев те атап өтті.
- Биыл төрт рет әйелдер кеңесінің отырысы өтті. Сонымен қатар «Қыз – шаңырақ бақыты» атты қыз балалармен кездесу кеші, «Ерте жүктілік және оның жасөспірім қыз балалардың денсаулығына зияны» атты кәмелеттік жасқа толмаған жас жеткіншектердің медбикемен кездесу сағаты, «Ана бақыты, бала бақыты» тақырыбында көпбалалы аналармен кездесу өтті, - деді Борсы ауылдық округінің әкімі.
Сол сияқты Талов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Армат Мансуровтың сөзіне сүйенсек, ауылда бірнеше жылдан бері «Әжелер отауы» ансамблі өнер көрсетіп келеді. Биыл құрамы толығып, жаңа қазақы нақышта киімдер тігілді. «Әжелер отауы» ансамблі әр мереке сайын қазақша ескі әндерді орындап сахна сәнін келтіріп жүр.
Күн тәртібінде қаралған тағы бір мәселе – ол аудан көлемінде жұмыссыздық деңгейі. Ағымдағы жылға арналған жұмыспен қамтудың бағдарламалары туралы аудандық мансап орталығының директоры Миранбек Ибатов баяндап берді.
- Биыл қаңтар, ақпан, наурыз айларында мансап орталығына 198 әйел жолыққан болатын. Солардың ішінен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 108 адам қатысты. Атап айтсақ, әлеуметтік жұмыс орындарына 2, «Күміс жас» жобасына 1, жастар тәжірбесіне 4, «Бастау бизнеспен» 7, тұрақты жұмысқа жолданған 25 және ақылы қоғамдық жұмысқа 69 адам тартылған. Алдағы уақытта әйелдердің жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жалғасады,- деді Миранбек Нұрланұлы.
Жиын соңында комиссия мүшелері өз ойлары мен ұсыныстарын айтты. Соның бірі:
- Жақсыбай ауылындағы келіндер клубы басқа ауылдық округтерде де қолға алынып, жұмыс істесе, нұр үстіне нұр болар еді, - деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова.
Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Каримоллаұлы қорытындылады.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz