Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің жоспары негізінде ардагерлер үйінде “Жәнібек әйелдері” қоғамдық бірлестігі және аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен “Әйелдің бақыты – отбасы” тақырыбында жиын өтті.
Жиынға аудан прокураторасының прокуроры Жандос Қуанышбеков, полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Айбек Ғазезов, мемлекеттік сот орындаушысы Қуаныш Абдуллин, аудандық аурухананың акушер-гинекологы Нұрсая Атабаева, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің өндіріс шебері Гүлзия Хамиева және Т.Жароков атындағы мектебінің әлеуметтік педагогы Гүлмаржан Қайырбекова қатысты.
Аналар кеңесінің мүшесі Гүлнар Хайырлиева сөз сөйлеп, нәзік жандылар қауымына шараның өткізілу мақсатын түсіндірді.
- Қазақ әрдайым қыз тәрбиесіне аса қатты көңіл бөлген. Соңғы уақытта республика көлемінде орын алып жатқан адам шошырлықтай түрлі жағдайлар негізінде қыздармен бір бөлек, әйелдер, соның ішінде аналармен бір бөлек жиналыстар өткізудеміз. Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда жасөспірім шақтан жүкті болып қалу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер арасында ішкілікке салыну сынды мәселелер орын алып жатыр. Осыған байланысты бүгін өздеріңізді жинап, қоғамдағы және отбасындағы әйелдің рөлі, әйел бақыты, жанұядағы жарасымдылық пен бала тәрбиесі жөнінде әңгіме өрбіткіміз келді. Өз ойларыңызды еркін айтып, қандай да бір мәселе мазалап жүрген болса, сұрақтарыңызды қоя берсеңіздер болады,-деді шара шымылдығын ашқан Гүлнар Серікқызы.
Алғаш болып мемлекеттік сот орындаушысы Қуаныш Абдуллин қоғамдағы шешімін таппай отырған өзекті мәселелердің тінін тарқатты. Атап айтсақ, алимент төлемей өз балаларынан қашып жүрген безбүйрек әкелер туралы сөз қозғады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ажырасқан ерлі-зайыптылардың арасындағы жағымсыз қарым-қатынас орнауынан жапа шегетін жазықсыз бүлдіршіндер мен өз ұрпағына деген мейірімнен жұрдай “қашқын” әкелердің қатары жылдан жылға көбеймесе, азаймай отыр. Қуаныш Жұматұлының айтуынша, Жәнібек ауданы бойынша ЖСО атқарушылық өндірісінде алимент бойынша жүз жетпіс атқарушылық өндірісі тіркелген. Оның жиырма екі сот актісі аяқталған, он сегізі өндіріп алушыға қайтарылған, төрт іc қысқартылған, біреуі өндіріс аумақ бойынша жолданған. Қазіргі танда ауданда алиментке қатысты жүз қырық сегіз атқарушылық өндіріс орындалуда. Оның жетпіс үш өндірісіне ай сайын тиісті төлем жасалды. Сонда жетпіс бес атқарушылық өндіріс бойынша борышкерлердің сот шешімі орындалмай, баланың ақысы әлі күнге дейін төленбеген. Жалпы ауданда борышкерлердің алиментке берешегі 37.422.315 теңгені құрайды.
Осы орайда жиынға қатысушы көкейінде жүрген сұрағын қойып, кәмелеттік жасқа толмаған қызы барын, бұрынғы жолдасынан ай сайын алимент түсіп отыратынын баяндады. Айтуынша, аудандық мансап орталығына жұмыссыз ретінде 2022 жылы тіркелген екен. Бірақ әлі күнге дейін тұрақты жұмысқа орналаспаған.
- Маған атаулы әлеуметтік көмек берілсе деймін немесе тұрақты жұмыс тауып берсеңіздер тіптен жақсы. Әлде атаулы әлеуметтік көмек алуым үшін алимент алып отырғаным кедергі ме, соның мән-жайын біліп берсеңіздер екен. Алиментке түсетін отыз мың теңгеге қызыммен қалай күн көремін,- деді аудан тұрғыны.
Бұл сұраққа толыққанды жауап беру үшін мансап орталығының директоры Миранбек Ибатов келді. Түйткілді жайтқа Жандос Асамаддинұлы да араласып, жанайқайын жеткізген анадан атаулы әлеуметтік көмек комиссиясының шешімін және өзінің жеке қабылдауына келуін сұрады. Одан кейін де ол өзіне қойылған сұрақтарға жауабын қысқа қайырып, “жеке қабылдауға келіңіздер” дегеннен аса алмады. Бірақ аналар қауымы қабылдауға барғанымен нақты жауап ала алмайтындығына ашынды. Прокурордың әлемді әлдиімен тербеткен аналардың алдында маскамен сөйлеуі қаншалықты әдепке жатады деген ойда қалдық.
Әрмен қарай аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Айбек Ғазезов сөз алып, ауданымыздағы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына тоқталды. Айбек Талапұлы жиналған әйелдер қауымына отбасында зәбір көрген жағдайда не істеу керектігін және полиция қызметкерлері тарапынан қандай көмек көрсетілетінін “түсінікті болу” мақсатында екі тілде баяндады. Дегенмен мемлекеттік тілге де құрметпен қарағаны жөн болар еді.
Келесі кезекте акушер-гинеколог Нұрсая Атабаева аудан бойынша 2022 жылда төрт, 2023 жылда екі жасөспірімнің ерте жүктілікке ұрынғанын растап, аналардың қыз бен ұлдың тәрбиесіне көңіл бөлулерін сұрады.
- Қыз бала табиғатынан ерте бой жетеді. Әсіресе, қазіргі қыз балалардың 10-11 жастан етеккір циклі басталатыны, бұрынғыға қарағанда ерте есейетіні - сіздерге мәлім. Сол үшін де ерте жастан қыздарыңызға жыныстық сауаттылық турасында әңгіме өрбітсеңіздер. Қызыңызға жеке гигиена, ерте жүктілік салдары неге әкеліп соғатынын айтып түсіндірсеңіздер жөн болар еді. Жеке шекарасын қорғауды үйрете отырып, өз қыздарыңызға көбірек уақыт бөлген дұрыс,- деді Нұрсая Алпамысқызы.
Акушер-гинекологтың сөзін қолдаған әрі жалғаған Гүлзия Сағынбекқызы да адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керектігін тілге тиек етіп, аналарды қыз тәрбиесіне мән беруге шақырды.
Ортадан жеке кәсіпкер әрі аналар кеңесінің мүшесі Майгүл Наурызалиева сөз алып, өзінің жүріп өткен жолы мен көрген қиындығына қарамастан қалай басын тік көтергенін айтып, жігерлендірді. Қазір алақан жайып отыратын заман емес екенін, өздері үйден әртүрлі идеяларын жүзеге асырып, кәсіп бастау туралы ой тастады. Тақырыптан ауытқып, жеке мәселелеріне қатысты жауаптарын ала алмаған нәзік жандылар қауымын бұл сөздер шабыттандырды ма, әлде одан бетер наразы етті ме, кім білсін?
Алайда Майгүл Басерқызының былтыр жаңа жыл алдын бір келіншекке жаңа дем беру үшін әсем жүзіне көрік беріп, әдемі киіндіріп сұлуландырғанын аудан жұртшылығының бірі білсе, бірі білмес. Міне, сол үрдісін ол биыл да жалғастырамын деп, ортадан Света Дауленоваға ұсыныс білдірді. Бұл ұсыныс қатысушылардың көңіл күйін көтеріп, ымыраға келе алмай отырған аналар жиналысына ерекше атмосфера сыйлады. Әрине, әйелдер қауымы - әлемнің бар асылына лайық жандар ғой. Олар айналасына тек нұр шашып жүруі тиіс. Дегенмен біздің қоғамда осы нәзік жандыларымыз жұмыстың ауырына қарамастан жүр емес пе? Сол үшін де күйбең тіршіліктің қамын бір күн ойламай, өзін әлемдегі ең сұлумын деп сезінудің өзі - бір бақыт.
P.S. Әдетте жиналыстардың түйіні немесе қойылған сұрақтарға мардымды жауаптар болушы еді. Бірақ бұл жиында қозғалған әртүрлі мәселелердің шешімі табылмай, арты дау-дамайға ұласып, жиналған тұрғындар мәмілеге келе алмай кетті. Ол аудандағы әйелдер мәселесі әлі де кеңінен қаралып, оны шешу жолында нақты қадамдар жасалу керектігін ұқтырады.
Айсұлу Жұмабай,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz