Аудандық мәдени-демалыс саябағында ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Әлемге танылған ұлы Абай» атты танымдық акция өтті.

Аталмыш шараның мақсаты — Абай мұрасын кеңінен насихаттап, оның шығармалары арқылы жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу және әлемдік деңгейде танылған ойшылдың еңбектерін көпшілікке таныту. Акция аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның шығармаларынан үзінділер оқылды, қара сөздер талданды.

Шараға қатысқан демалушылар Абайдың даналығы мен шығармашылық мұрасына тағы бір мәрте үңіліп, ұлы ақынның адамзатқа ортақ ойлары мен құндылықтарын жаңаша қырынан таныды.

Акция соңында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері ұлы ақынның шығармашылығына деген құрмет белгісі ретінде Абай Құнанбайұлының «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындады.

Әннің әуезді әуені мен терең мазмұны Абай әлеміне тағы бір рет үңілуге мүмкіндік беріп, оның сөзі мен әні әлі де халық жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқанын көрсетті.

«Әлемге танылған ұлы Абай» акциясы ел руханиятын байытуға бағытталған мазмұнды шара ретінде жоғары бағаланды.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы