6.07.2024, 9:00
Оқылды: 163

Жәнібек ауданында Астана күніне арналған турнир өтті

Кеше Астана күніне орай аудандық ардагерлер үйінде «Арайлы Астана – елімнің көркі» атты танымдық кеш өтті. Жиналған қауымды «AMANAT» партиясы Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев құттықтады.

image-05-07-24-06-17-1

​- Астана күні – бүкіл қазақстандықтар үшін ерекше күн. Ерке Есілдің жағасында бой көтерген Елорда күні құтты болсын! Бүгінде Астана күн өткен сайын жаңарып-жасарып, жоғары қарқынмен дамып келеді. Оның өсіп-өркендеуі еліміздің абыройы. Күні кеше елордада оннан астам мемлекеттің қатысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Төрткүл дүние көз тіккен маңызды жиында мәртебелі меймандар ұйымның жұмысын жоғары бағалады. Осының өзі еліміздің биік беделі мен асқақ абыройын көрсетіп отыр. Бүгінгі Астана күніне орай «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында шараға демеушілік көрсетіп отырмыз, - деді Біржан Қайырғалиұлы.

image-05-07-24-06-17-4

​Әрі қарай «Арман қала – Астана» атты бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев ардагерлер үйінде Астана күніне орай ұлттық ойын – тоғызқұмалақ, шахмат, дойбыдан өткен турнирді ұйымдастыруға атсалысқаны үшін аудандық кітапхана, саз мектебі, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының басшылығына шынайы алғысын білдірді.

image-05-07-24-06-17-3

​Сонымен ардагерлер арасында өткен турнирдің қорытындысында тоғызқұмалақтан бірінші орынды Асылғаным Буршина, екінші орынды Ерназар Өтеғалиев, үшінші орынды Шынтемір Рамазанов иеленді. Шахмат «шайқасында» алғашқы үштікті Серік Масанов, Мардан Есмұхамбетов және Бақтыгерей Қарашев түйіндеді. Ал дойбыдан жүлделі орындарды тиісінше Нұрман Түменов, Мұхамбетжан Темірәлиев, Ерназар Өтеғалиев өзара бөлісті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

image-05-07-24-06-17-7

​Айта кетейік, шара барысында Баймағанбет Ажығалиев «Туған жер», Тамара Кафарова «Ел аман болсын», Райымбек Кәрімов «Сүйемін туған елімді», Жақсылық Бисенғалиев өзінің авторлық әні «Астана» әнін тамылжыта шырқаса, Жәмила Салауатова «Бақ орнаған Астана» өлеңін нақышына келтіре оқыды.

Асқар Орынғалиұлы,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале