11.07.2025, 9:30
Оқылды: 278

Жәнібек ауданында білікті дәрігер Қозыкеш Омаровпен кездесу кеші өтті

Жәнібек аудандық ардагерлер үйінде «Жаны – ізгі, еңбегі – ерен» деген атаумен КСРО және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, білікті дәрігер, тәлімгер ұстаз Қозыкеш Омаровпен кездесу кеші өтті. Оны аудандық демалыс орталығының қызметкері Анаргүл Ахмулдина ашып, жүргізіп отырды.

image-10-07-25-09-27-1

Кешке аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов, аудандық аурухананың қызметкерлері мен ардагерлер қауымы қатысты. Алдымен қазақтың бұлжымас салтына сай, атпалдай азамат ұлынан көз жазып қалған Қозыкеш Қасымұлына көзкөрген замандастары мен елдің азаматтары атынан қайғысына ортақтасып, көңіл айтылды.​

image-10-07-25-09-27-2

Көпшілікке кеш иесінің өмірбаяны таныстырылып, сөз кезегі Қозыкеш Омаровқа берілді. Ол өз кезегінде осы кешті ұйымдастыруға мұрындық болған аудан әкімдігіне, аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Бекбауұлына және қолдаған әріптестеріне, тілеулес достарына алғысын білдірді. Кішкентай кезінде аурушаң болып, көп қиындық көргенін, сол себепті дәрігер болуды армандап, осы мамандыққа оқып, әрі қарай медицина саласында әртүрлі лауазымдық қызметтер атқарғанына тоқталды.

​Кеш барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, Жақсыбай ауылдық округінен келген досы Елеужан Тілебалиев, Ақоба ауылынан жеткен еңбек ардагері Мұрат Мұхамбетқалиев, аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов сөз сөйлеп, ізгі тілектерін арнады.

image-10-07-25-09-27-5

Жаннұр Бекбауұлы қазақы дәстүрмен аудандық ардагерлер кеңесі атынан Қозыкеш Қасымұлының иығына шапан жауып, ауданның жүз жылдығына орай шығарылған «Ғасырға үлес қосқандар» атты кітапты сыйға тартты.

image-10-07-25-09-27

Шара барысында аудандық демалыс орталығы қызметкерлерінің орындауында ән қалықтап, күй төгілді.

Сейіт Қали,
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале