Жәнібек аудандық мәдениет және демалыс саябағында өткен Күйгенкөл ауылдық көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламалары жайлы марқайып жазуға болады. «Ауылым – алтын тұғырым» деп алған тақырыптарының өзі неге тұрарлық. Барлық ауылдық округтердің бағдарламаларын көріп болғаннан кейін, көрермен жүрегіне жететін бағдарлама дайындау оңайға соқпасы анық.
Ал әкімшіліктің есігін жұмыс уақыты бітісімен жауып алмай, керісінше ауылдың шашбауын көтеріп бара жатқан өнер иелеріне қолдауын білдіріп ешкімге тапсырмастан өзі құттықтауы мен алғыс сөзін дайындап ат терлетіп келген ауыл әкімі Асылбек Базарбаевқа деген ризашылықты айтпасқа болмас. Нәзік те көркем әнші қыздардан құралған трионың дыбыстық сүйемелдеусіз орындаған «Ауылым» әні концерттің шымылдығын әдемі етіп ашып берді.
Пангерей Шолақов, Айтжан Тоқтаған сынды алыптардың мекені Күйгенкөлден келген өнерпаздардың ішінен ұлттық аспабымыз домбыраның құлағында ойнайтын жас буын өкілдері де табылды. Құрманғазының «Сарыарқасы», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқымы» орындалған жерден жақсы әсерсіз шығу мүмкін бе?! Оқу мен өнерді қатар алып жүрген кішкентай тәп-тәтті балапандарымыздан құралған «Гүлдер» балалар би ансамблі өз билерімен Африкаға да апарып қайтты, ұлттық биді де мың бұрала биледі.
Күйгенкөл ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі, облыстық, республикалық ән сайыстарының жүлдегері Әсем Ғайнуллина мен жас өнерпаз Нұртілеу Амангелдінің орындауындағы «Әпке» әні сондай әдемі орындалып, кештің көркін кіргізе түскендей. Соңғы кездердегі хитқа айналған «Көк жигули», «Дарите женщинам цветы», «Жарық түн», «Бұлбұлым», «Менің бағым» әндері де орындалып жаздың соңғы апталарындағы жабырқау көңілдерді бір көтеріп тастады.
Оны халықтың соққан қошеметінен аңғаруға болады. Бір сөзбен айтқанда күйгенкөлдіктер жарады!
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы