18.10.2025, 11:14
Оқылды: 84

Жәнібек ауданында Мақсот Омарғалиеві еске алды

Жәнібек аудандық балалар саз мектебінде аудандық музей бөлімінің ұйымдастыруымен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-музыкант, режиссер Мақсот Константинұлы Омарғалиевтің туғанына 80 жыл толуына орай «Өнерден қалған өшпес із» атты тақырыптық көрме өтті.

image-17-10-25-01-18

Бұл көрме елін сүйген, салт-дәстүрін ардақтаған, өнерді ұлықтап, ғұмырын мәдениет саласының өркендеуіне арнаған тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығын кейінгі ұрпаққа үлгі етуге бағытталды.

image-17-10-25-01-18-3
Көрменің ашылуында аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Гүлназ Бақытжанова қайраткердің мәдениет пен өнерге қосқан зор үлесін атап өтті.
– Өнерге өзіндік қолтаңбасын қалдырған, елдің жүрегінен орын алған тұлға. Оның өмірі мен шығармашылығы – мәдениетіміздің ажырамас бөлігі, өшпес мұрасы. Бұл көрме арқылы біз өнер майталманын ұрпақ жадында жаңғыртуды мақсат еттік, – деді ол.
Мақсот Омарғалиевтің шәкірті, ұзақ жылдар әріптес болған аудандық саз мектебінің басшысы Жақсылық Бисенғалиев те ұстазына деген ыстық ықыласын білдіріп, оның қарапайым болмысы мен өнерге адалдығын тебірене еске алды.
- Мақсот Константинұлы өте тамаша жан еді. Өнерге деген адалдығы мен қарапайымдылығы барша шәкіртке үлгі болып қалды, – деді ол өз естелігінде.
Аудандық кітапхананың басшысы Светлана Джукина Мақсот ағамен бірге өткізген сәттерін ризашылықпен еске алып, зайыбы Шолпан Қуанышқалиқызының ыстық сәлемін жеткізді.
Ол өз лебізінде Шолпан апайдың жеке қорындағы құнды жәдігерлерді музейге табыстап отырғанын айтып, музей ұжымының мәдени мұраны ұлықтаудағы еңбектеріне алғысын білдірді.

image-17-10-25-01-18-5
Өлкетанушы Улия Тұманова Мақсот Константинұлының мейірімділігі мен адамгершілігін ерекше сезіммен еске алып, ол кісінің Жәнібекке деген қимастық көңілін жылы әсермен жеткізді.

Сондай-ақ №1 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әдемі Ахметова да сөз сөйлеп, осындай тағылымды шараларды өткізіп, жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып жүрген музей ұжымына ризашылығын білдірді.
Әрмен қарай өнер мен руханияттың үндестігі сезілді. Күні кеше ғана ауданымызда өткен облыстық «Қос ішек» домбырашылар байқауында аудан намысын абыроймен қорғап, бас жүлдеге ие болған Наргиза Касумова сахна төріне шығып, «Қос ішек» күйін төгілте орындады. Күйдің қоңыр әуені көрермен жүрегін тербеп, шараға ерекше әсер сыйлады.

image-17-10-25-01-18-6
Кеш соңында аудандық музей бөлімі дайындаған көрмеде өнер иесінің қолданған жеке заттары көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында күміс түсті қаламы мен қабы, жеке қолтаңбасы, қызметтік визиткалары, түрлі жылдары атқарған басшылық және шығармашылық қызметін айғақтайтын материалдар бар. Сонымен қатар мәдениет қайраткерінің жеке қорында сақталған кітаптар, «Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясына 40 жыл (1966–2006 жж.)» атты мерейтойлық басылымы, партиялық билеті, Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығына арналған халықаралық ән фестивалінің бағдарламалық жинағы, өнер майталманына арналған шақыру билеттері мен марапат құжаттары – оның өмір жолы мен еңбегінің жарқын куәсі ретінде көрмеден өз орнын тапты.
Мақсот Константинұлы Омарғалиев 1945 жылы 7 қазанда Ресейдің Волгоград қаласында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң әскер қатарына алынып, 1964–1967 жылдары Германияда азаматтық борышын өтеген. Әр жылдары Жәнібек аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі, Орал облыстық филармониясының солист-вокалисі, кейін директордың орынбасары, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры, Батыс Қазақстан облыстық филармониясының директоры, БҚО мәдениет басқармасының басшысы, БҚО мәдениет басқармасына қарасты жастар шығармашылығы орталығының директоры, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры, осы филармонияның көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған.

Бану Берікқали

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале