Ауыл шаруашылығында мал азығын дайындау – бүгінде өте өзекті мәселе. Соңғы жылдары ауа райының құбылуы, қуаңшылықтың жиілеуі мал азығы тапшылығына себеп болып, бұл бағытта бірқатар қиындықтар туындатқаны белгілі. Осыған байланысты суармалы алқапқа екпе шөп егу ісін қолға алу қажеттілігі туындап отыр.

Мал азығына арналған судан шөбін жаз мезгілінде 2-3 рет орып, малды азықтандыруға тиімді түрде пайдалануға болады. Сонымен қатар, дәндері сүттеніп пісе бастаған кезеңде сүрлем дайындауға, қысқы шөп ретінде жинап алуға әрі дән үшін өсіруге де қолайлы.

Алайда бұл жергілікті шаруалар үшін тың, жаңа бағыт болғандықтан, бірден кірісіп кету оңай емес. Осыған байланысты аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұсынысы мен аудан әкімдігінің қолдауымен түсіндіру шарасы ұйымдастырылды.
Дәлірек айтқанда, осы іспен айналысып жүрген тәжірибелі шаруа Мирболат Танкишев Өнеге елді мекенінде, өз шаруашылығының басында жергілікті шаруа қожалық иелеріне арнап семинар өткізіп, шаруашылығымен таныстырды. Ол судан шөбін егу технологиясы, баптау, жинау тәсілдерімен бөлісіп қана қоймай, субсидия көлемі, қажетті техникаларды алу жолдары сынды маңызды мәселелерге де тоқталып өтті. Сонымен қатар қатысушылар тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауап берді. Аталмыш «Агрокомплекс Арсен» ЖШС 600 гектар алқапқа судан шөбін егіп, жұмысты бастап кеткен болатын.
Қазіргі таңда ауылдық округтегі бірқатар шаруашылық бұл бағытқа бет бұруды ойлап отырғаны жасырын емес. Ал бұл бастама өңірде мал азығы мәселесін шешуге айтарлықтай үлес қосады деген сенім бар.

Семинар барысында аудан әкімі Тимур Шиниязов аталған істі нақты қолға алуға ниетті азаматтарға өз тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін айтты.

Ал аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда шаруалардың тікелей өзіне жолығуына болатынын жеткізді.

Мұндай оң қадамдар ауыл шаруашылығын дамытуға, соның ішінде азықтық дақылдарды тиімді өсіруге және мал шаруашылығын тұрақты азықпен қамтамасыз етуге серпін беретіні сөзсіз.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы