16.04.2025, 17:50
Оқылды: 442

Жәнібек ауданында «Менің атам майдангер» кітабының тұсауы кесілді

Жәнібек аудандық ардагерлер үйінде Ұлы Отан соғысында ерең ерлік көрсеткен қос  жерлесіміз Әжіхан Дүйсенов пен Тәмби Исқақовқа арналған «Жеңісті жақындатқан жерлестер» атты танымдық шара өтіп, оған ардагерлер үйінің мүшелері, майдангерлердің ұрпақтары қатысты.

image-16-04-25-05-30-7

​«Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев тағылымға толы шараны ашып, «Менің атам майдангер» атты кітаптың тұсаукесеріне жиналған қауымға жылы лебізін білдіріп, оқырманға жол тартқалы тұрған жаңа кітап Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында құнды дүние болатындығын, Әжіхан Дүйсенов пен Тәмби Исқақов есімдері аудан тарихында мәңгі сақталатынын жеткізді.

image-16-04-25-05-30

Шара барысында Ә.Дүйсеновтың қызы Клара апа есінде қалған естеліктерімен бөлісіп, әкесінің жерленген жерін көру арман екенін жеткізді. Себебі Ә.Дүйсенов Украин елінде жерленген. Т.Исқақовтың немересі Арман Исқақов та сөз алып, жиналғандарға өз ризашылығын білдірді. "Ашық аспан сыйлаған ардагерлер мәңгі есімізде, олардың рухы бізге күш-қуат береді",-деді.

image-16-04-25-05-30-2

​«Менің атам майдангер» атты Тәмби Исқақовтың ғұмырнамасына арналған кітаптың авторы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Меңдігүл Фазылова кітап туралы сөз қозғап, авторы өзі болса да өлкетанушы Ахмедияр Батырхановтың үлесі зор екенін атап өтті. Арман Берікұлы мен Меңдігүл Ғарифоллақызы кітаптың лентасын қиып, 50 дана кітапты кітапхана, білім беру бөлімі, архив, ардагерлер ұйымына таратып берді.

​Шара барысында аудандық саз мектебінің директоры Жақсылық Бисенғалиев өзінің туындысы «Біздің жақтың қарттары», Асылан Боранбаев «Ағаларым» әндерін шырқаса, Шынтемір Рамазанов Динаның «Жеңіс» күйін тартты.

image-16-04-25-05-30-6

​Кеш соңында Амангелді Мырзағалиұлы қос майдангердің ұрпақтарына ұйым атынан кішігірім сыйлық ұсынып, естелік суретке түсіп, тарқасты.

image-16-04-25-05-30-1

Әжіхан Дүйсенов 1915 жылы Жәнібек ауданы, Ұзынкөл ауылында дүниеге келген. Әскери міндетін орындай жүріп Фин соғысына қатысқан. Подольск қаласындағы кіші командирлер даярлайтын училищені бітіріп келіп, Ұзынкөл ауылы кеңесі қарамағында әскери жаттықтырушы болып қызмет атқарып жүріп, 1942 жылы ҰОС-на аттанған. 2-ші Беларус майданындағы 290-шы Қызыл Тулы орденді Могилев атқыштар дивизиясының 878-нші атқыштар полкінде 3-нші атқыштар батальон командирі. «Қызыл Ту», 1 және 2 дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Әжіхан Дүйсенов соғыс жылдары жауынгерлермен төрт рет жау тылына барлауға барып келіп, төрт рет жараланған. Ол 1944 жылы 10 тамыз күні майданда ерлікпен қаза тапқан.

image-16-04-25-05-30-3

Тәмби Исқақов 1913 жылы Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Сталинград шайқасы арқылы 2-ші Украин майданына қатысты. Ұрыста 75-ші истребительді полктың зеңбірек нысаншысы болған. Соғысты жеңіспен аяқтаған гвардия аға сержанты Тәмби Исқақов 1945 жылдың күзінде елге оралды. Бейбіт өмірде еңбекке араласып, халық шаруашылығының түрлі салаларында лайықты қызмет атқарған. Қан майдандағы жауынгерлік ерліктері үшін екі мәрте «Қызыл жұлдыз», 2 дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігін үшін» басқа да бірнеше медальмен марапатталған.

 

Бану Самат 

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале