24.10.2025, 21:00
Оқылды: 89

Жәнібек ауданында тағы бір игі орын ашылды: Тегісшілде жаңа кітапхана

Бүгін Борсы ауылдық округіне қарасты Тегісшіл елді мекенінде Тегісшіл бөлімше кітапханасының жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы өтті.

image-24-10-25-06-56-11

Республикасы күні мен кітапханашылар мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Тимур Шиниязов, оның орынбасары Жаннұр Ахметов, аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев, Борсы ауылдық округінің әкімі Зинхар Бақтығалиев және ауыл тұрғындары қатысты.

image-24-10-25-06-56-2

​Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Тимур Серікұлы:
​– Бүгін біз Тегісшіл елді мекенінің өміріндегі маңызды да қуанышты оқиға – жаңа кітапхананың ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Бұл – тек бір ғимараттың есігін ашу емес, бұл – рухани қазынамыздың, білім мен мәдениеттің ордасына жол ашу. Кітапхана – елдің еңсесін көтеретін, жастарды тәрбиелейтін, ұлттың рухани байлығын сақтайтын қасиетті орын. Осы кітапхананың ашылуына атсалысқан барша азаматтарға, демеушілерге, құрылысшыларға және мәдениет саласының қызметкерлеріне зор алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында Тегісшіл ауылында жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, білімге деген құштарлығын арттыратын тағы бір игі орын ашылды.
​Біздің басты мақсатымыз – ауылдың өркендеуі. Ал мәдениет пен білім ошақтарының жаңарып, халық игілігіне қызмет етуі – сол мақсаттың айқын көрінісі.
​Жаңа кітапхана құтты болсын! Бұл шаңырақ әрдайым оқырманға толы, білім мен өнердің, ізденіс пен шабыттың ордасы болсын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді аудан басшысы.

image-24-10-25-06-56-8
​Сондай-ақ кәсіби мерекеге орай аудан әкімі Қазақстан Кітапханалар одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісін Жақсыбай ауылдық кітапханасының басшысы Светлана Айтуғановаға табыс етті. Сонымен бірге облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қ.Мұханғалиевтің алғысхаты кітап қорын өңдеу және толықтыру бөлімінің басшысы Эльмира Өтемісоваға, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Ш.Оразаеваның алғысхаты аудандық кітапхананың оқырман қамту бөлімінің кітапханашысы Мөлдір Жауылбаеваға, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Э.Аманғалиеваның алғысхаты ақпараттық-библиографиялық бөлімінің кітапханашысы Әлия Қадырова мен аудандық модельді балалар кітапханасының кітапханашысы Армангүл Күлтеноваға табысталды. Сол сияқты аудан әкімі Т.Шиниязовтың алғысхатымен Қамысты модельді ауылдық кітапханасының басшысы Лаура Кенжегереева мен Тегісшіл бөлімше кітапханасының кітапханашысы Арайлым Қанатова марапатталды.

image-24-10-25-06-56-9
​Шара барысында Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Джукинаға кітапхананың кілті мен баспа құрылғысы сыйға берілді.
​Ауыл ақсақалы Қадырболат Ғаббасов жүрекжарды тілегін айтып, аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
​Салтанатты шарада ауданның көркемөнерпазы Аслан Боранбаев халық әні «Ақбақайды» орындады.

image-24-10-25-06-56-10
​Сонан соң аудан әкімі Тимур Серікұлы мен ауыл ақсақалы Қадырболат Қасымұлы жаңа ғимараттың лентасын қиды. Шашу шашылып, жиналған жұрт ішке еніп, заманауи үлгіде жабдықталған кітапханамен танысты.

Бану Самат
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале