Адамзаттың басына төнген алапат соғыстың аяқталғанына бүгін тура 80 жыл толып отыр. Ұлы Отан соғысы жылдарында Жәнібек ауданы Сталинград майданының тікелей тылында орналасып, соғыс зардабын қатты сезінген өңірлердің бірі болды. Аудан тұрғындары майданға азық-түлік, киім-кешек, мал және басқа да қажеттіліктермен көмектесті.

Жәнібек, Сайқын, Шоңай теміржол стансаларына 538 бомба тасталды. Осылайша, талай боздақтардың жанын қыршын қиған сұм соғыстың зардабы біздің ауданды да айналып өтпеді.

Биыл мерекеге орай ұйымдастырылған шаралар легі қос бауырластар зираты, батырлар аллеясы мен мәңгілік алауға гүл шоғын қою рәсімінен бастау алды. Жиылғандар Отан үшіндеп жанын пида еткен батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті. «Ардагерлер кеңесі» РҚБ қоғамдық бірлестігінің Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев Ұлы Жеңіс мерекесінің маңыздылығына тоқталып, жиылғандарды мейраммен құттықтады.

Әрмен қарай аудан өнерпаздары мен бір айдан аса уақытқа созылған «Қаһарман аудан – Жәнібек» феативаль-байқауында үздік өнер көрсетті деген мекеме қызметкерлері тақырыпқа сай театрландырылған көрініс қойды.
Үздіктер ұсынған қойылымды Жәнібек жұртшылығымен бірге тамашалаған аудан әкімі Тимур Шиниязов мінберде сөз сөйлеп, жиылғандарға жылы лебізін жеткізіп, мерекемен құттықтады. Осы тұста аудан басшысы ауданнан шыққан соғыс батырларын дәріптеп, ұрпақ жадына ерлігі мен өрлігін сіңдіріп, оларды кең көлемде насихаттауды мақсат еткен фестиваль-байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. Әділқазылар алқасының шешімімен фестивальдің бас жүлдесіне Т.Жароков атындағы орта мектеп ұжымы лайық деп танылды.

Ал М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің ұжымы жүлделі бірінші орынды иемденсе, №1 мектеп-лицейі ұжымы екінші орынға жайғасты. Аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ұжымы мен аудандық «Алтын ұя», «Балдәурен», «Жәнібек» бөбекжайларының біріккен бағдарламасы үздік үштікті түйіндеді. Байқауда өнер көрсеткен өзге мекеме-ұйымдардың да еңбектері бағаланып, түрлі аталымдармен марапатталды. Барлық қатысушыға диплом мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Марапаттау шарасы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Райымбек Кәрімов «Атамекен» әні әуелесе, Қуаныш Аждуов «Боздақтар» әнін орындап соғыс құрбандарын еске алды. Бөбекжай ұжымдарының арулары ерекше форматтағы «Қасықтар» әуенін орындаса, «ақмаржандық» бишілер «Батырлар» биін, «Жәнібек сазы» халықтық фольклорлық ансамблі «Қолбасшы» шығармасын орындады. Аслан Боранбаев пен Қуаныш Аждуовтың орындауындағы «Майдангерлер» әнімен мерекелік шара өз мәресіне жетті.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы