22.01.2025, 16:45
Оқылды: 11

Жәнібек ауданында жиырма үш нысанның құрылысы жоспарлануда

Бүгін Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязовтың төрағалығымен кеңейтілген лездеме өтті. Лездемеге мекеме басшылары, ауыл әкімдері қатысты.

image-22-01-25-04-22 (1)

Жиын басталмас бұрын Тимур Серікұлы күні кеше Жәнібек аудандық аумақтық инспекциясының басшысы лауазымына тағайындалған Жәнібек Кенжеғалиевті таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Сонан соң сөз кезегін сұрап алған аудандық мемлекеттік архивтің директоры Жанар Қошанова жиналғандарға архивке тапсырылатын құжаттар бойынша үндеу жасады.

image-22-01-25-04-22-1 (1)Лездемеде үш мәселе қаралды. Алдымен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев слайд арқылы былтыр ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарды атап өтіп, биылғы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, биыл аудан көлемінде балық шаруашылығын іске асыру бойынша жоба дайындап, аудан тұрғындарының ауыл шаруашылығы өнімдерін қол жетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік жасау қажет. Аудан бойынша ауыл шаруашылық техникаларын алудағы жаңғырту үлесін 2 пайызға арттырып, яғни 25 жылдан асқан ескі техникаларды есептен шығарып, жаңа техникалардың үлесін көбейтуге ықпал жасау, мал бордақылау алаңдарын көбейту секілді жұмыстар бар деді.

image-22-01-25-04-22-2

​Сол сияқты аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев 2025-2026 жылдары ауданда жүргізілетін құрылыс жобалары туралы айтып өтті.

​- Ауданымыздағы үш, яғни Талов, Борсы, Қамысты ауылдары Ресей Федерациясы аумағынан тартылған табиғи газды тұтынып отыр. Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аталған үш ауыл «Қазақстан Республикасының газ саласын дамытудың кешенді жоспарына» енгізу алға қойылды. Жоспарды жүзеге асыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Аталған жоба қолдау тауып, құрылыс жұмыстарын бастауға мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ашық конкурс беріліп, нәтижесінде мердігер «Батысгазстрой» ЖШС танылды. Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен қаражат күтудеміз. Мердігер құрылыс жұмыстарын сәуір айында өз қаражатына бастауды жоспарлап отыр.

​Сол сияқты сәуір айынан бастап Жәнібек ауылында Абай мен Т.Әбдірахманов көшелерінің қиылысында кітапхананың құрылысы басталады. Сонымен қатар ауылдық округтегі каналдарды реконструкциялау жұмыстары да орын алмақ. Жәнібек ауылында А.Иманов пен М.Мәметова көшелерінің қиылысынан жаңа модульдік спортзалдың құрылысы жоспарлануда.

​Аудандағы жүйелі проблемалық мәселелердің бірі – электр желілерінің тозуы. Аудан бойынша электр желілерінің 89 пайызының тозығы жеткен. Былтыр 76 авариялық айырылу жағдайы тіркелген. Электр желілерін жаңарту бойынша жұмыстар қолға алынып, 2 ауылға жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Бірінші жобамыз Борсы ауылындағы электр желілерін реконструкциялау болса, екіншісі Жақсыбай, Талов ауылдарындағы шекара өткізу бекеттеріне электр желісін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталған болатын. Құрылыс жұмыстарын жүргізуді биыл жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде шекара өткізу бекетінде электр желісі өткізіліп, жобадан бөлек 2 жаңа модульді ғимарат сатып алып, орнату жоспарлануда.

​Сонымен қатар КПО б.в. ұйымы арқылы қаржыландырылатын бірнеше нысанның құрылысы бар. Яғни Жақсыбай ауылындағы қазіргі мәдениет ғимаратының тозығы жетуіне байланысты жаңа мәдениет үйі және спорт кешен ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған болатын. Бүгінгі таңда бұл жоспарды жүзеге асыру бойынша КПО б.в. мекемесі қаражатын қарастырып, тендер рәсімдерін жүргізуде.

​Жәнібек және Ұзынкөл ауылдарында 108 оқу орнына арналған жаңа мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақталған болатын. Маусым-шілде айларында жұмыстар басталады деп күтілуде. Апатты деп танылған Тегісшіл, Борсы ауылдарындағы 60 орындық мектепке жобалық-сметалық құжаттама жасақтауды бастау туралы салалық басқармаларға ұсыныстар берілді. Одан бөлек Жәнібек ауылында Ш.Мәжитов көшесінің басында жаңа мұрағаттың құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақталған болатын. Алайда КПО б.в. ұйымының мамандарының айтуынша, тендер рәсімдері  2026 жылға қалдырылды.

​Ауыл азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында ауданымызда биыл 60  тұрғын үйдің құрылысын салуға бюджеттік өтінім құрылыс басқармасына тапсырылды. Қазіргі таңда 14 тұрғын үйдің құрылысына қаражат бөлу мақұлданды. Тұрғын үйлер әр ауылдық округтерге салынады. Салынған тұрғын үйлерді тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға беруді жоспарлап отырмыз, - деді Манарбек Таңатарұлы. ​Сонымен қатар ол мемлекеттік сатып алу Заңына енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.

​Аудан басшысы Тимур Серікұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тапсырмалар беріп, жиынды қорытындалады.

 

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале