30.05.2024, 23:00
Оқылды: 65

Жәнібек ауданындағы шөп шығымы былтырмен салыстырғанда төмен

Жаз мезгілі қысқы мал азығын дайындауға өте қолайлы кезең. Осыны білетін шаруалар жем-шөп қорын ерте кезден әзірлеуге кірісті. Шөп дайындау, әрине, оңай шаруа емес. Ауа райының ашық күндерінде шөпті шауып, оның нәрі түгелдей жойылып кетпей тұрғанда жинап алу қажет. Әдетте мал азығын дайындау маусым, шілде айларында жүреді. Осы уақыт аралығында үлгермей қалсаң, әрі қарай шөп қурап, бойындағы нәрі азаяды. Бұл істе, әсіресе, жаздың аптап ыстығына қарамастан дала төсін дүбірге бөлеп, маңдай терлете еңбектеніп жүрген шаруалардың атқарып жүрген жұмысы жоғары бағаға лайық деуге болады. Шөп шабу науқаны қазір қыза түсті. Жәнібек ауданы бойынша мал азығын дайындап, берік азық қорын әзірлеу басты міндеттердің бірі.

image-30-05-24-08-11

Кешелі бері аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев Ақоба ауылындағы «Жасқанат (А.Жұмақұлов), «Ефрем» (М.Биғалиев), «Айдын» (С.Сапиев), Ұзынкөл ауылдық округіндегі «Нұртай» (А.Нұртаев), «Нұрберген» (Е.Ажығалиев), сонымен қатар Күйгенкөл ауылдық округіндегі «Саясат» (М.Ғаббасов), «Нұрым» (Н.Мдуаров), «Ақсұлтан» (Б.Арыхов) шаруа қожалықтарында болып, мал азығын дайындау жұмыстарымен танысып.

Нұрболат Зұлпықарұлының айтуынша, биыл шабындықтар мен жайылымдардағы шөптің шығымы былтырғымен салыстырғанда төмен. Оған биыл қыста қардың аз түсуі, көктемде күннің салқын және жаңбырдың аз болуы, ыстық пен күшті желге ұласуы, шөп өнімінің төмендеуіне себеп болып тұр.

Кәсібінің шырайын енгізген, адал малының амандығын тілеген шаруалар қазірден жем азығына мығым кіріскен. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, төрт түліктің бабын тауып, қақаған қыстан аман өткізу үшін осы бастан жем-шөпті жетерліктей дайындау керек екені бәрімізге белгілі. Алайда, шаруалардың шапқан шөбі пресстеуге әлі келмей тұр. Оның үстіне қатты жел де әсер етіп, жұмыс уақытша тоқтап тұр.

Жаңбыр жауып, шөп көтеріліп, малымыз қыстан аман шығады деп үміттенейік.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале