4.02.2026, 14:30
Оқылды: 88

Жәнібек ауданының активі Конституция жобасын қолдады

Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын талқылауға арналған аудан активінің кеңейтілген отырысы өтті.

ee513282-4d31-4cfd-9e6f-427c184e7b2d

Маңызды жиынға аудан әкімі Тимур Шиниязов төрағалық етті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, бөлімдер мен мекемелер жетекшілері, ауылдық округ әкімдері, партия және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

c5574e42-5925-4235-a542-9384ea3abdb8

Жиынды ашқан аудан әкімі Тимур Серікұлы елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан конституциялық реформалардың маңызына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат. Ата Заңның басты мақсаты – адамға бағдарланған, әділетті әрі тиімді мемлекет қалыптастыру. Сондай-ақ актив отырысында Конституциялық комиссияның атқарған жұмыстары, ұсынылып отырған өзгерістердің мәні мен алдағы ақпараттық-түсіндіру шаралары талқыланатыны атап өтілді.

7e9133d2-30ba-4143-87d1-b1536dbc6743
Келесі сөз «AMANAT» партиясы Жәнібек аудандық филиалының атқарушы хатшысы Біржан Қуаналиевке берілді. Ол жаңа Конституцияның идеологиялық маңызына тоқталып, оның негізінде адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқындалғанын атап өтті. Сонымен қатар әділетті қоғам құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, демократиялық құндылықтарды күшейту, билік пен халық арасындағы жауапкершілікті арттыру, ұлттық бірлік пен тұрақтылықты сақтау – жаңа Ата Заңның негізгі бағыттары екені айтылды. Жаңа Конституция жобасының ашық әрі жария түрде талқылануы мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтқаны да ерекше аталып өтті.

6d9873c9-a85b-41a6-bd90-329804fa166b
Одан кейін сөз алған аудандық мәслихат депутаты Ринат Мұқатов Конституциялық реформаларды қазақ халқының тарихи құқықтық дәстүрлерімен сабақтастыра отырып баяндады. Ол Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы және «Жеті жарғы» сияқты заңдар ел бірлігі мен әділдікті сақтауға қызмет еткенін еске салды. Бүгінгі реформалар да сол тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы екеніне тоқталды. Сондай-ақ Конституциялық комиссия жұмысының ашық жүргізілгенін, жаңа жоба қоғам ұсыныстары негізінде дайындалғанын атап өтті. Жаңа Конституция 11 бөлім мен 95 баптан тұрып, билік тармақтарының теңгерімін күшейтіп, азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беретінін жеткізді.
Аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, еңбек ардагері Нұрман Түменов Конституциялық реформаны елді жаңғырту жолындағы маңызды қадам ретінде бағалады. Оның айтуынша, жаңа Ата Заң мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікке негізделген қоғамдық келісім болып табылады. Бұл құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап қана қоймай, олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Сөз кезегі Т.Жароков атындағы жалпы білім беретін орта мектептің директоры Мереке Құбаевқа берілді. Ол жаңа Конституция жобасында білім мен жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Білім – мемлекеттің болашағы екенін тілге тиек етіп, реформалардың білім беру саласына тың серпін беретінін жеткізді. Ұлттық құрылтай мен Халық кеңесінің қоғам пікірін ескерудегі рөліне де тоқталды. Педагогтер қауымы Жаңа Конституцияның қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыруға атсалысуы қажет екенін айтты.
Жиын соңында аудан активі Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын толық қолдайтынын білдірді. Қорытынды сөз сөйлеген аудан әкімі Тимур Шиниязов тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, әр азаматтың жаңа Конституцияның мәні мен маңызын терең түсінуіне жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Бану Самат,
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале