Жәнібек ауданына қатысты түрлі бағыттағы жобаларды сүзгіден өткізіп, бюджетті нақтылап алу үшін әуелі кеңескен жөн. Жол бар, жарық пен ауыл шаруашылығы бар, одан да өзге келелі істер бар. Барлығын әр тараптан қарап, ақылдасу ортақ шешімнің оң басуына ықпал етеді.
Жәнібек ауданы әкімдігінде аудандық қоғамдық кеңес мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімі Тимур Шиниязов, аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов пен ауыл әкімдері қатысты. Күн тәртібі бойынша аудан басшысы Тимур Серікұлы 2023 жылы ауданымызда жүзеге асқан жұмысты баяндаса, Тахир Зинурұлы мәслихаттың мардымды істеріне тоқталды.
- Жәнібектіктер үшін ең маңызды мәселелер шешімін тауып, ауданымызда құрылыс нысандары бой көтерді. Атап айтсақ, 2023 жылы халықтың сұранысына сай ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункт көп ашылды. Ауылішілік төрт көшеге жол жабыны төселсе, биыл тағы төрт көше жоспарда бар. Білікті жас мамандар да қоныс аударып, білім мен денсаулықты сақтау саласы жаңа мамандармен толықты. Атап айтсақ, 2023 жылы ауданға 5 дәрігер келді. 2024 жылы келуге 7 дәрігер ниет білдірді. Былтыр дәрігерлерге берілетін көтермеақы 5 миллион теңге болса, биыл 8 миллион теңгеге өспек. Тағы да басқа қуанышты жаңалық көп. Барлығы аудан тұрғындарының тұрмыстық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған. «Жәнібек - Орал» бағытындағы жолаушылар тасымалдайтын көлік алдағы уақытта Қамысты ауылына тоқтайды, - деді аудан әкімі Тимур Шиниязов.
Сонымен қатар аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Руслан Сариев, аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Ғибрат Айтқалиев, мансап орталығының директоры Миранбек Ибатов өздері жауапты салалар төңірегінде жаңалықтарды жеткізіп, 2023 жылдағы жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті. Содан соң ауыл әкімдері «2024-2026 жылдарға арналған Жәнібек ауданы, ауылдық округтерінің бюджеті» шешіміне өзгерістер енгізу туралы талқылады.
Ақтілек Орынбасар,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz