Жәнібек ауданының Ұзынкөл ауылында туып-өскен, ғұмырын ауыл шаруашылығы мен туған жердің өркендеуіне арнаған еңбек ардагері Әділ Неғметоллаұлы Нұртаев 80 жасқа толды.

1945 жылдың 15 тамызында дүниеге келген Әділ аға 1952 жылы Ленин атындағы 7 жылдық мектепті бітіріп, кейін Жәнібек орта мектебін тәмамдады. Мектептен кейінгі өмір жолын зоотехник мамандығын меңгерумен жалғастырып, 1964-1966 жылдары Қиыр Шығыста Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді.
Еңбек жолын 1966 жылы шопыр қызметінен бастаған ол, біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1974-1977 жылдары автогараж меңгерушісі, 1977-1995 жылдары №1 бөлімше меңгерушісі, 1995-2008 жылдары кеңшар директоры қызметін абыроймен атқарды. Зейнеткерлікке шыққан соң да қарап қалмай, жеке «Нұртай» шаруа қожалығын құрып, ел игілігіне қызметін жалғастырды.

Ерен еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. 1972 жылы «Еңбектегі ерлік үшін» медалімен, 2008 жылы «Еңбек үздігі» медалімен марапатталды. Есімі «Жәнібек ауданы: тарихи танымдық анықтамалыққа» енгізілді.
Мерейтой күні аудан әкімдігінде салтанатты қабылдау өтіп, аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов Әділ ағаны мерейлі жасымен құттықтады.
-Өмір жолыңыз – жас ұрпаққа өнеге, еңбекқорлық пен елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Сіз ауыл шаруашылығы саласында сан жылдар бойы табанды еңбек етіп, туған жердің өркендеуіне, ел игілігінің артуына айрықша үлес қостыңыз. Кеңшар директоры, бөлімше меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерде абыроймен еңбек етіп, әріптестер мен ауылдастарыңыздың құрметіне бөлендіңіз.
Бүгінде сіздің есіміңіз аудан тарихында еңбегімен ел есінде қалған азамат ретінде аталады. «Еңбектегі ерлік үшін» және «Еңбек үздігі» медальдары – соның айқын дәлелі, - дей отырып, аудан әкімі Тимур Шиниязовтың алғысхатын және дәстүрлі қазақ шапанын табыс етті.

Қуанышқа үзеңгілес замандастары – Нұрлан Түменов пен Сырымбек Жапақов та келіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Еңбек жолындағы естеліктерін айтып, естелік суретке түсті.
Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы К.Отаровтың бұйрығымен бүгін Әділ Неғметоллаұлына «Құрметті ардагер» төсбелгісі тағылып, еңбегіне құрмет көрсетілді.

Әділ Неғметоллаұлы – қарапайым еңбектен бастау алып, ауыл шаруашылығын дамытуға бар ғұмырын арнаған, абыройы елге танылған ардақты азамат. Мерейтой иесіне аудан халқы ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасының амандығын және еңбегінің жемісін көруді тілейді.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы