Күнделікті қарбалас тіршілікте бір жерің ауырса, дертке дауа болар деген оймен дәрігердің алдына баруға тура келеді. Алдымен учаскелік дәрігерге көрінбес бұрын басқа есіктерден денсаулығың жайлы сараптамадан өтесің. Алдыңа қойған аурухананың талабы осы болғасын, амал жоқ, барлық сараптаманы тапсырасың. Сөйтіп жүргенде ауруың асқынып кетпесе жақсы.
Учаскелік дәрігердің алдына барып, тағы отырасың. Себебі ұзын-сонар кезектің алды-артын табудың өзіне уақытың кетеді. Табарын тапқаннан кейін бір кісіні кемінде 10- 15 минут қарайды десек, шұбатылған кезектің бәрі өтіп болғанша дәрігердің қабылдау уақыты тәмамдалып қалады. Сөйтіп, түс қайтаға, болмаса келесі күнге қаласың. Кейде дәрігер орнында жоқ болып шығады. Осылайша қаншама күн әуре-сарсаңға түсіп, жүйкең жұқарады. Бұл емдеу орнындағы бүгінгі күннің көлеңкелі тұстары.
«Келген дәрігер неге тұрақсыз?», «Ауданда қандай дәрігерлер жетіспейді?», «Олар келген жағдайда қандай жеңілдіктер қарастырылған?» деген сан сұрақтың жауабын білу мақсатында Жәнібек аудандық ауруханасында кадр бөлімінің маманы болып қызмет атқаратын Зәмзәгүл Сапарғалиеваға хабарластық. Ол дәрігер тапшылығының басты себебі - Жәнібек ауданының облыс орталығынан қашықта орналасуына, оның үстіне жолдың нашарлығына тікелей байланысты екенін атап өтті. Келген дәрігерлердің айтатын тағы бір сылтауы - аудан орталығында демалыс күндері демалатын орынның жоқтығы екен. Өйткені, ауылдан шыққан өзіміздің қаракөз қыздарымыз мен қарадомалақ жігіттеріміз қалада 7 жыл бойы білім алып, қаланың өміріне үйреніп қалады-мыс.
-Аудандық ауруханада бүгінгі таңда акушер-гинеколог, дәрігер-офтальмолог (көз дәрігері), отоларинголог (құлақ, мұрын, тамақ дәрігері), невропотолог, онколог, педиатр мамандары жетіспейді. Келген дәрігерлерге бюджеттік бағдарлама бойынша үй беріледі, жәрдемақы төленеді. Оның үстіне былтырдан бастап облыстық мәслихаттың келісімімен миллион теңге көлемінде көтермеақы беріледі. Жаңадан келген дәрігерлердің ешқандай жұмыс өтілі болмағасын ай сайынғы алатын жалақысы екі жүз мыңға жетпейді. Ал оларда мемлекет тарапынан берілген үйге ай сайын төлейтін несие мен газ, су, жарықтың төлемі бар. Сөйтіп, «ақша жетпейді» деп Үкімет тарапынан берілген үйді сатып, кетіп қалып жатқандары баршылық,- деді ол.
Бұл не болғаны сонда? Тасығандық па? Сол қараша үйге, екі жүз мың түгілі, азын-аулақ тиын-тебенге зар болып жүргендер қаншама? Бергенге шүкіршілік етіп, жұмысының жемісі мен кәсібінің нәсібін көріп отыруға тиіс ақ халатты абзал жандар бір мезгіл тұрғындардың қамын неге ойламайды? Жаман айтпай жақсы жоқ. Оқыс оқиғаға тап болып немесе қатты ауырып қалған науқас кімге барып, кімнің табалдырығын тоздырады? Ота жасайтын хирург, балаң ауырса педиатр жоқ. Бұл мәселеге терең үңілсек, осының бәрі түптің-түбінде тәрбиеге келіп тіреле ме деген ойда қаласың. Әлемді әнімен жаулаған әнші де, талайды тамсандырған ғалым да, ақын да, суретші, сәулетшілер де ауылдан шыққан десек артық емес. Ендеше, біраз жыл ауылда тұрақтамай ма? Егер жастайынан ата-ана «елге қайт» деп құлағына құйып, «алған біліміңнің нәрін туған топырағыңа тарат» деп үйретсе, мүмкін бұндай жағдайға тап болмас та едік. Жоғарыдағы «демалатын орын жоқ» деген жас дәрігерлердің өздері де ауылдан түлеп ұшқандар. Топырағына аунап, таза ауасын жұтып, шалшық суына шомылып өскен түбіт мұрт қазақ балалары үшін қаланың адамы адам, ауылдың адамы кім сонда? Бұл заман «Алтын алма, алғыс ал» дейтін мәтелге кері келіп, ақша мен дүние қуған жастардың заманына айналып бара жатыр ма, әлде?
-Өткен жылы асқазаным ауырып, ауруым жаныма батқасын аудандық ауруханаға барып, дәрігерге көріндім. Қай-қай есікке барсам да алдымда шұбатылған кезек, кімнен кейін екенін таба алмай, сапырылысқандар арасында айқай-шу. Олардың шуына басың ауырып, таңнан барғаннан түс мезгілінде қан қысымың көтеріліп бір-ақ шығасың. Сөйтіп, ауруханаға ем іздеп бардың ба, жоқ әлде ауру іздеп бардың ба, оны өзің де білмей қаласың. Ауруханада ақ халат кигендер толып жүрсе де, ауданда дәрігер тапшы дегенді жиі естиміз. Дипломды дәрігерлер көп болса да, олардың ішінде білікті, білгірлері аз-ау, меніңше. Әйтеуір, ауруханаға барып емделу дегенің жыр болған заман қазір. Кейде «қате аяқ астында» дегендей, қол немесе аяқтың сынуы мен шығуы орын алған жағдайда немесе шұғыл ота жасау керек болғанда хирург маманның болмағаны қиын. Көз дәрігерінің болмағаны тағы жаман. Көзің ауырса бірден ауруханаға жүгіресің, ол жерден көзіңе тамшылар ғана береді. Асқынған ауру болса қалаға баруға тура келеді. Әйткенмен, 500 шақырым қашықтықта орналасқан қалаға барып-келу де оңайға соқпайтынын білесіз. Қаражатың да жеткілікті болу керек ол үшін. Оқу бітіріп жатқан түлектердің ішінде қаншама медициналық оқуды бітіргендері бар. Солар неге ауылға келмейді? «Дипломмен ауылға» бағдарламасын неге толықтай жүзеге асырмаймыз? - дейді ауыл азаматы Арман.
Тағы бір ауыл тұрғыны Азамат Кенжин 2000 жылдан бастап көзінің көруі кемігендігін тілге тиек етті. Көру талшықтарының атрофиясы және тор көзінің дистрофиясы диагнозымен тіркеуде тұратын ол көз дәрігерінің аудандық ауруханада жетіспейтіндігін алға тартады.
-Аудандық ауруханадан қалаға бару үшін анықтама және №86 формадағы құжаттарды ғана жинаймын. Бір жылда екі рет қалаға қаралып тұруыма тура келеді. Оның бәріне қыруар қаражат керек екенін өзіңіз де жақсы білесіз. Туған-туыс, жақындарымның қолдауымен барып қайтамын,-дейді ол.
Ал Аида Қожасова есімді ауыл тұрғыны, әсіресе балалары ауырып, емдейтін маман жоқ болғанда әбігер, сарсаңға түсетінін айтты.
– Өзің ауырсаң ештеңе емес, бала ауырса шыдамсыз болатынын білесіз ғой. Ауырып, қызулап отырған баламен кезек күткеннен жаманы жоқ. Күнделікті өмірде байқалып тұратын дәрігер тапшылығы азайып, алдағы уақытта ауданға білікті мамандар келіп, тұрақтаса екен деймін. Дертіміздің дауасын 500 шақырымдық жолды кемінде 6 сағат жүріп іздегенше, өз аумағымызда ауруымыздан құлан-таза айыққанға не жетсін!?- дейді жас ана.
Дәрігер тапшылығы қашан да өзекті мәселе. Ауданның көлеңкелі тұстарының ең маңыздысы болып саналатын бұл жағдайдың орны толса, тұрғындар алаңсыз күн кешер еді. Ел аузында адам жанының арашасысы атанған ақ халаттылардың саны көбейіп, санымен бірге сапасы да артсын деп тілейік.
Гүлім Қабдолова,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz