27.04.2018, 10:31
Оқылды: 42

Жәнібекте 100 бас мал бордақылайтын орын салынуда

IMG_2311Облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексовтың Жәнібек ауданындағы жұмыс сапарының екінші күні аудан орталығындағы  «Қараш» шаруа қожалығының мал сою, ет өндірумен шұғылданатын орнын көруден басталды.

Аталған шаруа қожалығы жетекшісінің көмекшісі Бауыржан Қарашев облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған облыстағы бір топ сала басшылары мен қосшыларына мал соятын орынның жай-жапсарымен таныстырды. Оның айтуынша, қасапхана бүгінгі таңда жаңартылып, жаңғыртылып, мал сойып, ет өндіруге даярлануда. Мал соятын орынның жанында жаңадан екі будка орнатылып, оның ішіне жаңадан екі үлкен тоңазытқыш қойылған. Тоңазытқыштарға 30 тонна ет сияды. Болашақта мұнда 30 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары  мал соятын орынның жұмысын бақылауда ұстайтынын айтып, кәсіп иесіне табыс тіледі.

Бұдан соң облыстан келген сала басшылары 1000 бас мал бордақылаумен айналысатын «Әлем» шаруа қожалығына бет түзеді. Аталған шаруа қожалығының жетекшісі Ескендір Елемесов оларды шаруашылығының тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Шаруашылық тек мал өсіріп, оның өнімдерін сатып қана қоймай, мал  шаруашылығын ғылыми негізде ұштастырып отырған облыстағы санаулы құрылымдардың бірі. Ірі қара малды сұрыптап, селекциялық жұмыстарды жүргізуді назардан тыс қалдырған емес. Мал бордақылау кешенін аралаған кезде Игорь Валерьевич шаруа қожалығында атқарылып жатырған жұмыстарға, бизнес пен ғылымды шебер ұштастырған шаруашылық басшысына ризашылығын білдірді.

IMG_2346Ауыл шаруашылығы саласының басшылары Ұзынкөл ауылындағы «Үміт» шаруа қожалығына ат басын тіреп, осындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға қанық болды. Шаруашылық құрылымында 100 бас ірі қараны бордақылауға арналып салынып жатқан орынды көрді. Аталған шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Қуанышқалиевтің айтуынша, бордақылау орнын салуды былтыр күзде бастап, қазір соның жартысы аяқтала келген, қалғаны биыл бітеді.

–Мал бордақылау орнын салу үшін өз қаражатымнан 6 миллион 500 мың теңге жұмсадым. Осы орынның ішінен Волгоград облысының құдықшыларына тереңдігі 60 метр ұңғыма құдық қаздыртып алдым. Шаруашылығымда электр желісі жоқ, содан қиындық көреміз. Сондықтан электр энергиясын өндіретін құрылғы орнатуға тапсырыс беріп қойдым,-дейді ол. Шаруа қожалығының жұмысымен мұқият танысқан облыс әкімінің орынбасары бастаған топ одан әрі Бөкей Ордасы ауданына қарай аттанды.

                            Н.Өтей

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале