14.06.2024, 15:31
Оқылды: 48

Жәнібекте Әкелер күніне арналған шара өтті

Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан.

DC2C6AAE-7CA6-4D49-B2DC-FB6E839837C8

Отбасында әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке – бала үшін асқар тау. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі бәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым.

Әке, әкенің күні, әкенің орны, әкенің тәрбиесі, ең соңында әкенің беделі... Ақиқатына келсек, әкенің рөлі адамға күнде керек. Таңның өзі де әкені жұмысқа шығарып салудан басталмай ма?

Айтпағымыз да сол, әкелер де осыншама аманат, жауапкершілік пен құрметке лайықты болуға тиіс. Қазақстан Республикасының мерекелік күнтізбесіне енген Әкелер күні маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді.

Биыл мереке 16 маусымға сәйкес келіп отыр. Осы орайда аудандық мәдениет үйінде әкелер күніне арналған мерекелік шара өтті.

5BE48ADF-F1E9-4F6E-9945-0BAF17198CE9

Шара тізгінін алған Лариса Абдуғалиева мерекенің маңыздылығына тоқталып, қоғамдағы әкенің рөлін атап өтті.

Сол сияқты мерекемен құттықтай келген аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов шара кейіпкерлерінің әрқайсысына тоқталып, жетістіктерін айтты.

– «Әкеге қарап ұл өсер…» демекші, қазақ отбасында әкенің орны, құрметі ерекше. Әке – сол шаңырақтың ұйытқысы, қамқоршысы, тірегі.

Осы жерде отырған ауылдың ақсақалы Бекет Әліпқалиев елге сыйлы азамат Б.Әліпқалиевтің ұлы Ержан Әліпқалиев қазірде аудандық соттың төрағасы, Нұртай Бисақов өзінің ұлы Асхат Бисақовты қасына алып жүріп, кәсіпке баулуда. Қылқалам шебері Самиғолла Лұқпановтың ұлдары өзі сияқты шебер. Серік Самодиянов жас кезінен спортқа жақын болып, қазіргі таңда ұлы Мергенді де спортқа баулып, бірнеше жарыстың жүлдегері атанып келеді. Дастан Әбдірешевтің де жаны спортты сүйіп, балаларын да спортқа жақын етіп өсіріп келеді, - деді Жақсылық Каримоллаұлы.

Шараның кейіпкерлері, яғни Бекет Әліпқалиұлы бастап әке туралы ой қозғап, өздерінің балаға берген, беріп жатқан тәрбиелері хақында әңгіме өрбітті.

Шара барысында аудан өнерпаздары, өнерлі отбасылар, әке мен қыз ән шырқап, мерекенің шырайын келтірді.

Соңында шараға қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Гүлзара Мәди

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале