Бүгін Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязовтың төрағалығымен аудан активінің отырысы өтті. Актив отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, салалық бөлім, мекеме басшылары, округ әкімдері қатысты. Негізгі мәселелерге көшпес бұрын «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев пен аудандық мешіттің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев сөз алып, шөп шығымының өте төмен деңгейде екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Жақын арада дәстүріміздегі тасаттық беру амалын жасап, әрекет етуді ұсынды.
Күн тәртібі бойынша жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралып, «Қайырымдылық айлығы» туралы талқыланды. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жаналиев жылыту маусымындағы өндірістік қауіпсіздіктің жай-күйін жеткізді. Аудан бойынша 105 жылыту қазандығы болса, соның ішінде 41 қазандық білім беру, 21 қазандық мәдениет, 17 қазандық денсаулық сақтау саласының және 26 қазандық өзге де мекемелердің меншігінде. Ал осы қазандықтардың қаһарлы қысқа төтеп беруге қауқары жете ме деген сұрақ туындайды. Осы орайда Мақсат Нұрболұлы:
– 2023 жылдың 9 маусымында 2023-2024 жылдар аралығында от жағу кезеңінде Жәнібек ауданы аумағындағы газ тұтынушы жүйелерін және газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану талаптарын сақтау мәселесі бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жасалды. Осыған сәйкес, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ аудандық учаскесі, бөлім қызметкерлері шілде айында «Аграршылар үйі» ғимаратын тексеру жұмысы атқарылды. Нәтижесінде жылыту маусымына толықтай дайын, - деді.
Бірқатар мекемелердің дайындығын айта келе, әр мекемеден жылыту жүйесіне жауапты қызметкерлер бекітілгенін жеткізді.
Бөлім басшысының баяндауынша, олар қазандықтардағы ақауды тексеріп, дайындықты әлдеқашан бастап кеткен. Дегенмен, ауылдық округтердегі жағдай көңілге күдік ұялатады.
Мысалы, Ұзынкөл ауылындағы мәдениет үйінде жылыту қазандығының оттығы істен шыққан. Ал Күйгенкөлдегі мәдениет үйінің қазандығынан су ағып тұр.
Келесі сөз кезегін алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұрболат Садырбаев мәдениет үйлерінің, спорт кешендерінің және кітапханалардың дайындық жұмыстарын толықтырды.
Түптеп келгенде, Қамысты ауылындағы мәдениет үйіне 2021 жылы орнатылған қазандықтың біреуі істен шыққан. Қуантарлық жайттың бірі – Майтүбектегі құжатын «тапқан» кітапхана газ жүйесіне қосылмақшы.
Аудандық білім беру бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Айжан Испенбетова білім ошақтарындағы дайындық жұмыстарын айтса, аудандық аурухана директоры Сәуле Исмағұлова аудандағы барлық медициналық пункт пен фельдшерлік-акушерлік пункті тексерістен өткенін хабарлады.
Бөлім басшылары әр мекеме мен мектептердегі аталған мәселе туралы жұмыстар жөнінде кеңірек ақпарат берді. Бірақ ауылдағы дайындық көңіл көншітпейтіні белгілі болды. Аудан басшысы Тимур Серікұлы осы мезгілге дейін ең маңызды түйткілді жеткізбеген басшыларға ескерту жасап, дереу қолға алу керегін қадап айтты. Себебі терезеден сығалаған қыстың суығы күз мезгілінен бастап қамдануды қажет етеді. Осы орайда ауыл әкімдерді де бұл жұмысты назардан тыс қалдырмай, дәл бүгіннен іске кірісу керегін жеткізді.
Әлеуметтік осал жандарға арналған келелі істерді тізбелеген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғибрат Айтқалиев дәстүрге айналған 1 қазан мен 1 қараша айының арасында өтетін «Қайырымдылық айлығы», «Мейірбандық күндері» туралы тілге тиек етті. Қазан айының 1-жұлдызына дейін аталған бөлім қызметкерлері ауыл әкімдерімен бірлесіп, жалғызбасты зейнеткерлердің, тұрмысы төмен тұрғындардың жағдайын зерделеп, көмек қажет ететін отбасылардың тізімін жасақтау жұмысын жүргізуде. Тыл және еңбек ардагерлеріне, өз-өзіне көмек көрсете алмайтын қарияларға қолұшын созу мақсатында ұйымдастырылатын іс-шаралардың да маңызы зор. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан бөлмей, тең қарау үшін алған бағыттың берері мол. Облыстық ХШО мен мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының ұйымдастыруымен өтетін «Арман асулары» атты шығармашылық фестивалінің іріктеу кезеңі туралы хабарлап, «Қарлығаш, әр үйге бақыт ұяласын» конкурсында бақ сынайтын үміткерлерді анықтап, облыстық кезеңге қатыстыру керегін айтты. Жиынға қатысқан ауыл әкімдері аталған байқаулар мен арнайы қолдаулар жүзеге асуы үшін тырысатынын қаперге берді.
Жиын соңында бөлім басшылары өз ұсыныстарын айтып, аудан әкімі Тимур Серікұлы қаралған мәселер аудан әкімдігінің бақылауында болатынын жеткізді.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы