Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде жерлесіміз, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі ансамблінің әншісі Нұрлыбек Жөлекеновтың «Аландама, Алашым» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш Нұрлыбек Жөлекеновтың орындауында «Туған жерім – Жәнібегім» әнімен ашылды. Жерлес шығармашылық кешінің аталуына тоқталып, туған жерге деген махаббатын жеткізді.
- Кештің «Алаңдама, Алашым» аталуы, біріншіден, қызмет орын себеп болса, екіншіден туған жерге деген махаббат. Сонымен қатар шекарашы ер азаматтар тұрғанда ел іргесі берік, ұйқымыз тыныш болары хақ,- деп Н.Жөлекенов залда отырған ардагерлер, «Тәжік-Ауған» соғысының ардагерлеріне арнап «Ардагерлер» әнін шырқады. Сонымен қатар «Сүйкімді сұлуым» әні көрерменнің көңілінен шықса, «Айтшы сен» әнінің тұсауы кесілді. Муслим Магомаевтың «Синяя вечность» әнін рұқсат алып, қазақшаға аударып, «Теңіз өмір» әнін өнер жолындағы әріптесі, досы, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі, халықаралық, республикалық ән байқауларының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалінің иегері Айбар Хайырхановпен бірге екі тілде шырқады. Сонымен қатар Айбар Хайырханов «’О sole mio», «Құстар» әндерін өзінің зор тембрімен орындап берді. Айта кету керек, А.Хайырханов Жәнібектің күйеубаласы.
Шығармашылық кеште Нұрлыбек Берікбайұлы «Дос», «Әлемде соғыс болмасын», «Офицерлер», «Сержант бауырлар» әндерін шырқап, көрермен қошеметіне бөленді. Әндердің барлығы дерлік клиптермен сүйемелденіп, шырқалған әндерге «Ақмаржан» халықтық би ансамблі мың бұрала биледі.
Сондай-ақ кеште өнер жолындағы әріптесі, әнші, композитор, республикалық байқаулардың лауреаты Ербол Ақбасов «Жарығым», «Сәлем елім», «Әке-Ана» әндерін тамылжыта орындады. Кеш соңында Н.Берікбайұлы «Туған елім – туған жерім», «Арнайы жасақ», «Алаңдама, Алашым» әндерін шырқап, «Әділдік ұраны» әнімен түйіндеді.
Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов аудан жұртшылығы атынан Нұрлыбек Жөлекенов пен келген меймандарға рахметін айтып, аудан әкімі Тимур Шиниязовтың атынан алғысхат пен естелік сыйлықты табыстады.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы