27.03.2024, 0:00
Оқылды: 4

Жәнібекте «Асыл домбыра» иегері, айтыскер-ақын Мұрадым Мирлановтың кеші өтті

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде айтыскер Мұрадым Мирлановпен кездесу кеші өтті. Жәнібектіктер үшін екі күн қатарынан рухани демалысқа толы болған күн кездесу кешімен басталып, «Іздедім сені» поэтикалық дуэлімен түйінделді.

423237242_968228055306869_4855767381198706802_n

Қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов құрмет көрсетіп, қарсы алды. Содан соң аудандық музей бөліміне барып, жәдігерлермен танысты. Күн ұясына батар сәтте мәдениет ордасына ағылған халықтың санында шек болмады. Олар ақынын құрметтеп келгенінде шүбә жоқ. Әйтпесе бар жұмысын ысырып қойып, әсіресе, кешкі уақыттағы қарбаласқа қарамай келер ме еді? Кеш ауданымыздың сөз өнеріне үлес қосқан айтыскерлердің өміржолын LED-экраннан көрсетумен басталды. Кейін сахна төріне кеш кейіпкері шығып, халыққа басын иіп амандасты.

431908813_968224581973883_5021702363157848598_n

Ақын өз сөзін:

- Мынау жатқан Астрахань,

Бұрынғы аты – Әжтархан.

Сол Әз Жәнібек тарханның,

Салдырып та кеткен қаласы.

Астраханнан ары қарай,

Ноғайлы деген бір ел бар,

Олар да маған нағашы.

Шыңғыс ханды ғалымдар,

Қазақ дейді, бар ма таласы?

Қазақ болса Шыңғыс хан,

Біз жақтан болуы керек шамасы.

Топырағында туған осы елдің,

Қазақтың Ғұмар Қарашы!

Мұстақымдай дарасы,

Рахметолладай ағасы.

Осы елде туып, ер жеткен,

Халқымның мен де баласы,- деп бастады.

Әп дегеннен жырмен төкпелете сөйлеген ақынға көрермен қауымы риза болып, қолпашымен ыстық ықыласына бөледі. Кейін жүргізуші айтыскермен еркін сұхбат құрып, балалық, жастық шақтары туралы сұрады. Мұрадым Мирланов жүзіне жылылық ұялап, өзі өскен топырақ жайлы кеңінен айтып, айтыстағы алғашқы қадамдарына тоқталды. Көрермендер қатарындағы ақынның ұстазы Гүлзада Ғайнеденқызы шәкіртінің өнеріне ризашылығын білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

- Мұрадым мектеп қабырғасында жүріп-ақ сөз табуымен ерекшеленді. Қолынан қара домбырасын тастамай, ауыл атынан сайыстарға қатысып, жүлдемен оралды. Рас, бір басына жетерлік тентектігі де болды ғой. Дегенмен мұғалімдерінің сөзін жерге тастамады. Үлкендердің жолын кесіп өтпеді. Нағыз серілердің, ақындардың бойындағы асқақ мінез, қайсар қасиет осы шәкіртімнің бойынан табылады,- деді ол өзінің сөзінде.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Халесова өзінің құттықтау тілегін бейнежазба арқылы жолдады. Ақынның оқушы кезіндегі белсенділігін тілге тиек еткен ұстазының көңілі босап, шәкіртімен мақтанып жүретінін айтты. Айтыскер орнынан тұрып, ұстаздарына ақжарма тілегін жеткізіп, бүгінгі жетістік осы жандардың арқасында екендігін жоққа шығармай, алғысын төкпеледі. Содан соң жәнібектіктер кеш иесінің арқасында есімі исі қазаққа танымал Батыс Қазақстан дәстүрлі өнерінің көрнекті өкілі әнші, термеші Қайрат Кәкімовтің орындауында әуелеген әндерді тыңдады. Дәстүрлі әнші ақынның адамгершілік қасиетін тілге тиек етіп, өнерін өсірген адамдығына жоғары баға берді. Қатарынан үш әнді әуелете салғанда халық тік тұрып, қошемет білдірді. Оның шәкірті, жас дәстүрлі әнші Кенесары Болғанбаев та сахнаға көтерілгеннен бастап, зал сілтідей тына қалды. Халық әндерін аңсаған тұрғындар ерекше күйге бөленіп, ләззат алып отырды. Мұрадым Мирлановтың замандасы «Алтын домбыра» айтысының жеңімпазы Жансая Мусина да ортадан табылып, ізгі тілегін айтты.

423237168_968228118640196_6736215409745330650_n

- Кештің тақырыбы мені қуантып тастады. Ақынын құрметтеген ардақты елге риза болдым. Біздің айтыс сахнасына қадам басқанымызға биыл жиырма жыл болады. Сол жиырма жылдың ішінде Мұрадым досыммен талай қызықты күндерді бастан өткердік. Айтыс додасына жаңалықпен келген ақын болса, ол – Мұрадым Мирланов! Оның жетістіктеріне, кейде жығылған кездеріне де өзім куәгермін деп айта аламын. Сол үшін кешіне бей-жай қарамай, досымның абыройын асыруға келдім. Ақын сіздердей жанашырлары бар кезде әлі талай жарқылдайды. Оған дау жоқ, - деді Жансая Мусина.

Сондай-ақ Жансая Ғалымжанқызы жолда жазылған Жәнібек ауданына арнауын оқып, елдің ақ батасын алды. Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында «Хабар» телеарнасы мен «Асылтас» қоғамдық қорының бірлескен «Асыл домбыра» топтық айтыс тележобасы өткен болатын. Аталған додаға еліміздің он жеті облысынан барлығы жиырма команда қатысып, айтыс аламанының көркін қыздырған. Батыс Қазақстан облысының құрама командасы жеңіске жетіп, өңірге асыл домбыраны ала келген. Топта кеш иесі Мұрадым Мирланов, Жансая Мусина, Бауыржан Ширмединұлы бар.

Ақынның айтыскерлік қырынан бөлек атбегілігі де осы кеште айтылды. Жастайынан атқұмар болған ол асау үйретуге кіріскен. Түз тарпаңын тақымға басып, Атыраудан Алтайға дейін қазақ даласын атпен аралағысы келетін жүйрік тұлпардың бар мінезін жетік меңгеріп алған.

-Иә, ең басты арманым – осы. Шіркін-ай, жылқыдай таза жануар мына әлемде жоқ шығар. Ердің қанаты, елдің бағдары тұлпар десем, артық айтқандығым емес. Ұзынкөлдегі бал шағым осы жануармен өтті. Әлденеден көңіл қалып, құлазыған сәттерде жылқыға мұң шағатынмын. Шабыттансам, мініп алып ауыл ішінде жүйтки жөнелетінмін. Алдағы уақытта қазақтың жігіттері біргеміз десе, атпен елді аралаймыз. Казталовтан, Бөкей ордасынан қосылып, жолдан елдің азаматтарын ілестіріп әкетіп, алыс жолды атпен бағындырсақ деген ой бар,- деді ол шабыттанған күйде.

Рухани шарадан Мұрадым Мирлановтың ел біле бермейтін дарындарын білдік. Оған кешке келген ағайын күмән келтіре алмас. Ақынның өлеңдерімен ғана таныс жұрт сөзге ән жазатын қасиетін біле бермеуі мүмкін. Ол композитор ретінде ойларын жеткізіп, ән жазуды қашан қолға алғанын айтты.

- Өзімді композитор ретінде таныстыруға қысыламын. Ол атаққа сай емеспін деуге болады. Бірақ тағы бір құмарым ән тыңдауға, ыңылдап ән жазуға ауады да тұрады,-деді.

Сахнаға өнердегі інісі, ұзынкөлдік Қуаныш Аждуов шығып, Мұрадым Мирлановтың «Ұзынкөлім» әнін көзіне жас ала жанды дауыста шырқады. Аталған ән Ұзынкөл ауылының Гимніне айналып үлгерген. Інісін бауырына басқан кеш иесі әнге қосылып, өзгеше толқыды. Соңында аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов қонақтарға алғысын айтты.

433468893_968228355306839_5375193618735280972_n

- Мұрадыммен сырттай мақтанып, біздің елдің баласы деп, марқайып отырамыз. Аудан жұртшылығы оның әр айтысын күтеді десем, жалған айтқаным емес. Жастайынан сөзге шешендігімен көзге түсіп, бүгінде Жүрсін Ерманның жүйрігі атанды. Біз ақынымызға сенім білдіреміз. Әлі талай додалардан қанжығасы майланып келеді деген ойдамын. Сенің қолдаушыларың – осындағы жәнібектік ағайын,- деп, ақынға үміт артты.

433457385_968228295306845_8371184609552964362_n

Тілегін жеткізген Тахир Зинурұлы ақынға шапан жауып, кеш қонақтарына аудан әкімі Тимур Шиниязовтың алғысхатын табыстап, ақшалай сыйлық ұсынды.

Әлібек Қаржау, 

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале