Таңмен Алма Оразбаева атындағы негізгі орта білім беретін мектебіндегі №140 сайлау учаскесіне келіп, бірінші боп өз таңдауын жасаған Ержан Хамзин:
- Бүгін ауданымыз үшін маңызды күн. Ауылымыздың ертеңі мен оның көркеюі үшін дауыс беру - міндетім. Сайлауға қатысып, таңдауын жасау – әрбір ауыл азаматының парызы деп білемін. Ел болашағы жастарды сайлауға келіңдер деп шақырғым келеді. Себебі дұрыс таңдау жасап, ауыл әкімін сайлау арқылы өз туған жеріміздің жағдайы түзелуіне, одан әрі дамуына үлес қоса аламыз, - деді Ержан Мәмбетәліұлы.
№140 сайлау учаскесінің төрағасы Рауль Өтемісов алғаш дауыс берген ауыл тұрғынына естелік сыйлық табыстады.
Ерлі-зайыпты Түменовтер өз таңдауын жасады
- Аудан әкімін сайлау – өте маңызды. Себебі туған жеріміздің басшысын тағайындау өзіміз, ауылымыз үшін қажет. Әкім боламын деген үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Әрқайсысының алға қойған мақсатын естідік. Ауыл тұрғындары өз таңдауын жасауда. Бүгінгі сайлауда өз таңдауымызды жасадық,- деді ауыл тұрғыны Мақпал Түменова.
Айта кету керек, №140 сайлау учаскесінде 782 сайлаушы бар.
Бану Самат,
Жәнібек ауданы